Абай облысының Жаңасемей ауданында құрылыс материалдары өндірісін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Приречное ауылдық округінде «TANGSOLPAN» ЖШС заманауи кірпіш зауытының құрылысын қолға алды.
Қытайлық серіктестермен бірлескен жобаның инвестициялық құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Үш гектар аумақта орналасатын кәсіпорын тәулігіне 100 мың данаға дейін төрт түрлі кірпіш өндіруге мүмкіндік береді. Жылдық өндірістік қуаты 36,4 миллион дана өнімге есептелген.
Жобаның маңыздылығы өңірдегі құрылыс қарқынымен тікелей байланысты. Қазір облыста бюджет қаражаты есебінен 22 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Сонымен қатар Семейде «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар жаңа ғимарат бой көтеруде. Мұндай жағдайда құрылыс материалдарына сұраныстың артуы жергілікті өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Зауыт заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталады. Қазір құрылыс алаңында 25 жұмысшы мен 5–10 арнайы техника жұмылдырылған. Электр желілерін тарту, сумен қамтамасыз ету үшін ұңғымалар бұрғылау және құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды 2027 жылдың сәуірінде іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 25 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жаңа өндіріс облыстың кірпішке деген қажеттілігінің бір бөлігін жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, сырттан жеткізілетін материалдарға тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.
Өңірде инвестициялық белсенділік те артып келеді. Биыл жалпы құны 34,6 миллиард теңге болатын 14 жоба пайдалануға беріліп, 598 жұмыс орны ашылды. Жаңасемейдегі зауыт осы өндірістік өсімді жалғастырып, аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

