Шымкентте жергілікті тауар өндірушілердің ірі мұнай-газ жобаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жұмыс жүргізілуде. Қала кәсіпорындарының өндірістік әлеуеті оларды тек өңірлік нарықпен шектемей, ірі компаниялардың жеткізу тізбегіне қосуға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы директорының орынбасары Мұхтар Манкеев бастаған делегациямен кездесті. Тараптар Шымкент кәсіпорындарының ҚПО сатып алуларына қатысуын кеңейту және жергілікті қамту үлесін арттыру мәселелерін талқылады.
Бұл бағыт Шымкент үшін маңызды. Қалада бүгінде 800-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Қалыптасқан өндірістік база әртүрлі салаларға арналған өнімдер мен құрал-жабдықтар шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Олардың қатарында мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті өнім өндіретін кәсіпорындар да бар.
Жергілікті өндірістерде ұңғымаларды игеру және бұрғылауға арналған жабдықтар мен құралдар, қосалқы жабдықтар, металл конструкциялар және мұнай-газ өндірісіне қажетті өзге де өнімдер шығарылады. Бұл өнімдердің бір бөлігі қазірдің өзінде еліміздің ірі мұнай-газ компаниялары тарапынан сұранысқа ие.
Кездесудің практикалық жалғасы ретінде Қызғалдақ сарайында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Оған 30-ға жуық кәсіпорын қатысып, өз өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар ҚПО-ға өнім жеткізу және алдағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Ірі компаниялардың сатып алу жүйесіне кіру жергілікті кәсіпорындар үшін тұрақты тапсырыс қалыптастырумен қатар өндіріс көлемін арттыруға және өнім сапасына қойылатын талаптарды жетілдіруге ынталандыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың технологиялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жағдай жасайды.
Шымкент үшін мұндай өндірістік кооперацияның тағы бір маңызы – қалада шығарылатын өнімдердің өткізу географиясын кеңейту. Жергілікті кәсіпорындар ірі мұнай-газ жобаларының жеткізушілеріне айналған жағдайда Шымкенттің өндірістік әлеуеті республикалық деңгейде кеңінен пайдаланылмақ.
Сондықтан ҚПО мен Шымкент кәсіпорындары арасындағы тікелей байланысты дамыту – қазақстандық қамту үлесін арттырудың және отандық өндірісті нақты тапсырыспен қамтамасыз етудің тиімді бағыттарының бірі.

