Шымкентте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды

Шымкентте кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау мәселелері қаралды. Жиында кәсіпкерлерді қаржыландыру, кепілдік беру, жобаларды сүйемелдеу және бизнеске көрсетілетін сервистік қызметтерді кеңейту бағытындағы жұмыстар талқыланды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әсет Тілемісов 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында жүзеге асырылған қолдау шаралары туралы баяндады.

Оның мәліметінше, «1-Кепілдік қоры» бағдарламасы бойынша 102 жобаға жалпы сомасы 19,1 млрд теңге кредит беріліп, қолдау көрсетілген. Берілген кепілдіктердің көлемі 9,6 млрд теңгені құрады. Бұл тетік қажетті кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 47 жоба 2,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 15 жобаға 3,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Қолданыстағы бағдарламалар аясында қолдау алған жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Аппараттық кеңесте мемлекеттік қолдау алған жобалардың іске асырылуына жүргізіліп жатқан мониторинг мәселесі де қозғалды. Жыл басынан бері жалпы сомасы 68,3 млрд теңгені құрайтын 915 жоба тексерілген. Мониторинг барысында анықталған заң бұзушылықтар негізінен қаражатты мақсатсыз пайдалану және қабылданған міндеттемелерді орындамаумен байланысты.

Шымкентте кәсіпкерлерге қаржылай қолдаумен қатар сервистік көмек көрсету де кеңейіп келеді. «Даму» қоры филиалының базасында «Бәйтерек» бірыңғай фронт-офисі жұмыс істейді. Осы алаң арқылы мыңнан астам кәсіпкер консультациялық көмек алған.

Жаңадан кәсіп бастаушылар мен стартаптарға арналған «Арманнан іске» пилоттық бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталығы жұмысын бастады.

Аппараттық кеңес қорытындысында Ғабит Сыздықбеков жауапты мемлекеттік органдарға кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды. Қаржыландыру, кепілдік беру және бизнесті сүйемелдеу тетіктерінің қатар жүзеге асырылуы Шымкенттегі кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және жаңа жобалардың іске асуына мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Кәсіпорын ассортиментінің көп болуы әрдайым жоғары табыс әкеледі деген сөз емес. Кейбір тауарлар жақсы сатылғанымен, олардың пайдасы төмен болуы...