Ақтөбеге жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Муханов пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жаңа футбол стадионының құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Сыйымдылығы 35 мың көрерменге дейін жететін бес қабатты арена қаланың батыс бөлігінде УЕФА-ның IV санат талаптарын ескере отырып салынуда. Құрылыс аяқталғаннан кейін мұнда футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шаралар өткізуге мүмкіндік болады.
Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы мен жобаның негізгі сипаттамалары таныстырылды. Сондай-ақ тараптар өрт қауіпсіздігі, эвакуацияны ұйымдастыру және ықтимал төтенше жағдайлар кезінде келушілерді қорғау мәселелерін талқылады.
Жоба аясында өрт-құтқару спортына арналған инфрақұрылым қарастырылған. Бұл ұлттық және халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. ТЖМ - елдегі өзінің қолданбалы спорт түрін дамытып отырған жалғыз мемлекеттік орган.

