Шымкентте кәсіпкерлердің электрондық сауда мүмкіндіктерін пайдалануына және маркетплейстер арқылы бизнесін дамытуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Wildberries сарапшыларының қатысуымен өткен практикалық кездесуде онлайн сауданы бастау, сатылым көлемін арттыру және бизнесті масштабтау жолдары талқыланды.
Кездесуге Wildberries платформасының сарапшылары Рахманбек Мукушев, Дәурен Қасымов және Данил Боденко қатысып, кәсіпкерлерге маркетплейстегі жұмыстың негізгі тетіктерін түсіндірді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелік кеңестер алды.
Бағдарлама кәсіпкерлікті жаңадан бастаған азаматтар үшін де, маркетплейсте сауда жасап жүрген бизнес өкілдері үшін де пайдалы бағыттарды қамтыды. Алғашқы топқа Wildberries-те сатушы ретінде тіркелу, жеке кабинетті баптау, жұмыс моделін таңдау және тауар карточкасын дұрыс дайындау жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар өнімнің өзіндік құнын анықтау, шығындарды есептеу және сауда барысында жиі кездесетін қателерді болдырмау мәселелеріне назар аударылды. Онлайн саудада өнімді орналастырумен қатар, оның нақты экономикасын есептеу кәсіпкер үшін маңызды. Себебі логистика, комиссия және басқа шығындарды дұрыс жоспарлау бизнестің табыстылығына тікелей әсер етеді.
Ал жұмыс істеп тұрған сатушылар үшін бизнесті масштабтау мүмкіндіктері қарастырылды. Кәсіпкерлер перспективалы бағыттарды анықтау, ассортиментті кеңейту, тұтынушылар сұранысын және бәсекелестерді талдау, сондай-ақ платформаның ілгерілету құралдарын пайдалану тәсілдерімен танысты. FBS, DBS, EDBS және C&C секілді жұмыс модельдерінің ерекшеліктері де талқыланды.
Маркетплейстердің дамуы Шымкент кәсіпкерлері үшін дәстүрлі сауда нүктесімен шектелмей, кеңірек тұтынушылар аудиториясына шығуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жергілікті өндірушілер үшін маңызды. Онлайн алаңдар арқылы Шымкентте өндірілген тауарларды басқа өңірлердегі сатып алушыларға ұсынуға және өткізу географиясын кеңейтуге жағдай қалыптасады.
Сонымен бірге электрондық сауда кәсіпкерлерден жаңа дағдыларды талап етеді. Сұранысты талдау, тауар карточкаларымен жұмыс істеу, логистиканы ұйымдастыру және сатылым көрсеткіштерін бақылау бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін факторларға айналып отыр.
Шымкентте өткен практикалық кездесу кәсіпкерлерге маркетплейстегі жұмысын жүйелеуге, жаңа сату арналарына шығуға және бизнесті одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға арналған тәжірибелік алаң болды.
Шымкент кәсіпкерлері маркетплейстер арқылы сауданы дамыту мүмкіндіктерін меңгеруде


