Шымкентте сыртқы жарнама бизнесіне кедергі келтіретін мәселелер қаралды

Шымкентте сыртқы жарнама бизнесіне кедергі келтіретін мәселелер қаралды

Шымкентте сыртқы жарнама саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері талқыланды. Қалалық Кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жарнамалық құрылымдарды орналастыруға байланысты өзекті мәселелер көтерілді.
Кеңес төрағасы Қ.Акенов жетекшілік еткен жиын «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Отырыс барысында кәсіпкерлердің қажетті құжаттарды рәсімдеу кезінде кездесетін қиындықтары және сыртқы жарнама нысандарын бұзу туралы талаптар қаралды.
Негізгі мәселелердің бірі – заңнамада белгіленген тәртіппен, оның ішінде аукцион арқылы алынған жер учаскелерін пайдалану мүмкіндігінің шектелуі. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір жер учаскелерінің нақты орналасуы кадастрлық мәліметтерге сәйкес келмейді немесе олардың шекаралары басқа аумақтармен қабаттасады.
Сонымен қатар жекелеген учаскелердің жаяу жүргіншілер жолында, жасыл желектер арасында немесе жол қиылыстарына жақын орналасуы жарнамалық құрылымдарды орнатуға қосымша шектеулер туғызады.
Мұндай жағдайлар кәсіпкерлердің заңды түрде алған жер пайдалану құқықтарын толық жүзеге асыруына кедергі келтіруде. Қажетті құжаттарды рәсімдей алмау бизнес қызметін жоспарлауды қиындатып, қосымша шығындар мен құқықтық тәуекелдердің туындауына себеп болуы мүмкін.
Сыртқы жарнама саласында жер учаскесінің құқықтық мәртебесі мен орналасу деректерінің нақтылығы ерекше маңызды. Өйткені кәсіпкердің жарнамалық құрылымды орнатуы, оны пайдалануы және қызметін жалғастыруы тиісті құжаттардың дұрыс рәсімделуіне байланысты.
Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге анықталған мәселелер мен растайтын құжаттарды қамтитын ұжымдық өтініш дайындау ұсынылды. Ал мүдделі мемлекеттік органдарға көрсетілген жағдайларды өз құзыреті шегінде қарастырып, ықтимал шешу жолдарын анықтау ұсынылды.
Сондай-ақ жер мәселелері реттеліп, қажетті құжаттар рәсімделгенге дейін сыртқы жарнама нысандарын демонтаждау мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі талқыланды.
Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты үйлестіріп, проблемалық жер учаскелері бойынша бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеуге жәрдем көрсетпек.
Бұл мәселенің шешілуі сыртқы жарнама саласындағы кәсіпкерлердің құқықтық айқындық жағдайында жұмыс істеуіне, әкімшілік кедергілердің азаюына және қаладағы кәсіпкерлік қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ