Шымкентте кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды

Шымкентте кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды

Шымкентте кәсіпорындардың кадрлық әлеуетін нығайту және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қалалық Кәсіпкерлер палатасында дуальды оқыту жүйесіне қатысатын өндірістік тәлімгерлерге арналған екі күндік «Тәлімгерлер мектебі» ұйымдастырылып, 45 маман біліктілігін арттырды.

Оқыту бағдарламасына өндіріс орындары, қызмет көрсету саласы, педагогика және медицина бағыттарында білім алушыларға тәжірибелік білім беретін тәлімгерлер қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпорындардағы оқыту сапасын арттыру, тәлімгерлердің кәсіби және педагогикалық құзыреттерін жетілдіру.

Бағдарламаны Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы, тренер-мультипликатор Жанар Алтаева жүргізді. Қатысушылар жұмыс орнында оқытудың тиімді әдістерін меңгеріп, жастармен қарым-қатынас орнатудың психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін қарастырды.

Дуальды оқыту жүйесінің кәсіпкерлік үшін маңызы ерекше. Бұл тәсіл білім алушылардың теориялық дайындығын нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде болашақ мамандар кәсіпорындардың жұмыс тәртібімен, технологиялық үдерістерімен және кәсіби талаптарымен ертерек танысады.

Өндірістік тәлімгерлер осы жүйеде маңызды рөл атқарады. Олар білім алушыларға кәсіби дағдыларды үйретіп қана қоймай, еңбек тәртібін сақтауға, ұжыммен жұмыс істеуге және өндірістік міндеттерді жауапкершілікпен орындауға бағыт береді.

Семинар барысында Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Жанна Елтанова, «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауының жеңімпаздарының бірі Александр Смирнов, білім беру саласының тәжірибелі маманы Жанат Тәжиева және өзге де қатысушылар тәжірибелерімен бөлісті.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев Палатаның кәсіпкерлікті қолдаумен қатар, білім беру және дуальды оқыту жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

Екі күндік оқыту соңында теориялық білімін тәжірибелік тапсырмалармен бекіткен 45 тәлімгерге арнайы біліктілік сертификаттары табысталды.

Шымкентте өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларының дамуы кәсіпорындарға қажетті кәсіби дағдылардың маңызын арттырады. Сондықтан өндірістік тәлімгерлерді даярлау бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты күшейтудің тиімді құралдарының бірі саналады.

Мұндай бастамалар кәсіпорындардың кадр даярлау үдерісіне тікелей қатысуына, жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне және жергілікті бизнестің білікті жұмыс күшіне деген қажеттілігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру...

Мемлекет мұқтаждықты бағалаудың жаңа жүйесін енгізу кезінде кейбір азаматтарға берілетін жәрдемақыларға қатысты нақты ерекшеліктерді заңмен...