Шымкентте өнеркәсіптік өндірістің қоршаған ортаға әсерін бақылау және кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қаладағы ірі өндіріс орындарында автоматтандырылған мониторинг жүйелерін пайдалану экологиялық талаптардың орындалуын бақылаудың маңызды тетігіне айналып келеді.
Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті ұйымдастырған баспасөз турлары аясында мамандар бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметімен танысты. Олардың қатарында «Шымкентцемент», «Эко Шина» және «Standard Steel KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
1958 жылдан бері жұмыс істейтін «Шымкентцемент» зауыты – қаланың ірі өндірістік кәсіпорындарының бірі. Жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты 1,3 млн тонна цемент өндіруге есептелген. Бүгінде зауытта 250 адам тұрақты жұмыс істейді, ал мердігер ұйымдарда шамамен 250 азамат еңбек етеді.
Кәсіпорында 2022 жылдан бастап өндірістік шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Қазақстанның цемент өнеркәсібінде алғашқылардың бірі болып енгізілген технология атмосфераға таралатын шаң мен бірқатар газдардың көрсеткіштерін тәулік бойы тіркейді.
Кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекшісі Руслан Исабаевтың мәліметінше, жиналған ақпарат әр 20 минут сайын онлайн режимде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі.
Мұндай технология өндірістік көрсеткіштерді үздіксіз бақылауға, ықтимал ауытқуларды уақытылы анықтауға және қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Кұлтілеуовтің айтуынша, қазіргі уақытта Шымкенттегі төрт ірі кәсіпорында автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған. Заңнамаға сәйкес, жылына 500 тоннадан астам ластаушы зат шығаратын кәсіпорындар мұндай жүйені енгізуге міндетті.
Сонымен қатар «Эко Шина» және «Standard Steel KZ» кәсіпорындарында жүргізілген баспасөз туры барысында атмосфералық ауадан сынамалар алынды. Ұсынылған мәлімет бойынша, өлшенген көрсеткіштер белгіленген нормативтерден аспаған.
Өнеркәсіп кәсіпорындары үшін экологиялық талаптарды сақтау өндірістік қызметтің тұрақтылығына да әсер етеді. Шығарындыларды бақылау технологиялары экологиялық тәуекелдерді басқаруға және кәсіпорын қызметінің ашықтығын арттыруға жағдай жасайды.
Дегенмен жекелеген кәсіпорындардағы өлшеу нәтижелері қаланың жалпы ауа сапасын толық сипаттамайды. Оған автокөлік қозғалысы, құрылыс жұмыстары және басқа да факторлар ықпал етеді.
Шымкентте өндірістік мониторинг жүйелерімен қамтылған кәсіпорындар санын арттыру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өнеркәсіптік дамуды экологиялық жауапкершілікпен ұштастыру және қаладағы өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсерін жүйелі бақылау тұрғысынан маңызды.


