30 қазанда Almaty Management University базасында «Болашақ университеті – тұтас тұлғаны қалыптастыру ортасы: Ұлы дала мұрасы және заманауи шешімдер» тақырыбындағы Tolyq adam-2026 халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Халықаралық конференцияға Қазақстан, Канада, Франция, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ, Гонконг, Үндістан және Қырғызстаннан ғалымдар, философтар, тарихшылар мен жоғары білім беру саласының сарапшылары қатысып жатыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараның басты мақсаты – Ұлы даланың зияткерлік мұрасын, соның ішінде Абай философиясын заманауи жоғары білім беру жүйесімен сабақтастыра отырып, кәсіби білімімен қатар адамгершілік құндылықтарды, сыни ойлауды және қоғамдық жауапкершілікті бойына сіңірген тұлғаны қалыптастыру мәселелерін талқылау.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан өз сөзінде университеттің тұлға қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
«Университеттің міндеті – тек сапалы білім беру ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі жоғары, адамгершілік құндылықтарды ұстанатын және әлеуметтік тұрғыдан кемел тұлғаларды тәрбиелеу. Зияткерлік даму адамның эмоционалдық және тұлғалық дамуымен қатар жүруі тиіс. Абай философиясындағы маңызды өсиеттердің бірі – адамзатты сүюді өмірлік ұстаным ету. Оның ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Білім берудің мақсаты – адамды тек жан-жақты білімді әрі кәсіби білікті маман ретінде емес, жауапты және адамгершілігі мол тұлға ретінде қалыптастыру», – деп атап өтті ол.
Бұл ұстанымдар 2023 жылдан бері AlmaU-де жүзеге асырылып келе жатқан Tolyq Adam білім беру бағдарламасының негізіне алынған. Бағдарлама Абайдың философиялық мұрасын заманауи білім беру әдістемелерімен ұштастырып, адамның зияткерлік, кәсіби және тұлғалық дамуын біртұтас үдеріс ретінде қарастырады.
2026 жылы Tolyq Adam бағдарламасы Times Higher Education Awards Asia халықаралық сыйлығының «Teaching and Learning Strategy of the Year» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. AlmaU – Орталық Азияда аталған марапатқа ие болған алғашқы университет.
AlmaU президенті Асылбек Қожахметов халықаралық мойындаудың маңызына тоқталып, Қазақстанның жаһандық білім беру кеңістігіндегі әлеуетін атап өтті.
«Көптеген жылдар бойы біз әлемнің үздік университеттерінен үйрендік. Бүгінде Қазақстанның да жаһандық білім беру басымдықтарына өз үлесін қосып, жаңа идеялар мен бірегей шешімдер ұсына алатынына сенімдімін», – деді ол.
Конференция барысында Торонто университетінің Орталық Еуразия және түркі-моңғол әлемінің тарихын зерттеуші профессоры Joo-Yup Lee көшпелі қоғамның тарихи тәжірибесі мен тұлға қалыптастырудағы ерекшеліктеріне тоқталды.
«Көшпенділер жауынгерлік, аңшылық, мал шаруашылығы және қолөнер сияқты түрлі дағдыларды қатар меңгерген жан-жақты болды. Үнемі тәжірибе жинақтау, тәртіп пен үздіксіз үйрену олардың кәсіби шеберлігін шыңдап, сыни ойлау қабілетін дамытты. Сонымен қатар қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға үйретті. Мықты көшбасшылар мен олардың ізбасарларының бірлігі қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасып, ғасырлар бойы өзінің болмысы мен дербестігін сақтауына ықпал етті», – деді профессор.
Конференция аясында «Tolyq adam: A University model for whole-person education – conceptual foundations, methodology, evidence and implementation» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Басылым авторлары – доктор Айжан Сапарғалиева, доктор Альмира Табаева, Мария Шмидт, доктор Меруерт Сейдуманова және медицина ғылымдарының кандидаты Шолпан Сағатова.
31 қазанда конференция жұмысы шеберлік сабақтары мен практикалық семинарлар форматында жалғасады. Қатысушылар құндылықтарға негізделген білім беру, Tolyq adam әдіснамасы, білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану және тұлғаны жан-жақты дамыту мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және заманауи білім беру тәсілдерін университет тәжірибесіне енгізуге басымдық беріледі.
Tolyq adam-2026 халықаралық конференциясы ұлттық зияткерлік мұра мен заманауи білім беру тәжірибесін ұштастыру, сондай-ақ жоғары білім беру жүйесінде тұтас тұлға қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін дамытуға арналған халықаралық пікір алмасу алаңына айналды.


