6 қарашада Павлодар қаласындағы Margulan University базасында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглованың Павлодар облысының тұрғындарымен кездесуі өтті. Іс-шараға өңір тұрғындары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, студенттерді әлеуметтік қолдау, ғылымды дамыту және еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Вице-министр өз баяндамасында жоғары білім беру жүйесіндегі негізгі көрсеткіштер мен мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.
«Бүгінде елімізде 132 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 806 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы екі есеге, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,75 есеге артты. Бұл шаралар жастардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді Динара Щеглова.
Кездесуде ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қолдау, ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, жеке инвестицияларды тарту және отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелеріне де назар аударылды.
«Ғылымды дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағыттау. Бүгінде елімізде 241 ғылыми әзірлеме нарыққа шығарылды. Ғылыми зерттеулерге жеке инвестицияларды тарту жұмыстары да күшейтіліп келеді. Бұл бағытта бизнесті ынталандырудың жаңа тетіктері енгізіліп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жағдай жасалып келеді. Біздің мақсатымыз – ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу арқылы олардың ел экономикасының дамуына нақты үлес қосуын қамтамасыз ету», – деді вице-министр.
Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, студенттердің цифрлық құзыреттерін дамыту және халықаралық білім беру платформаларымен ынтымақтастықты кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы атап өтілді.
«Жасанды интеллект технологияларын меңгеру – қазіргі заман мамандарына қойылатын маңызды талаптардың бірі. Бүгінде еліміздің 31 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағытында 44 білім беру бағдарламасы іске асырылып келеді. AI-Sana бағдарламасы аясында 706 мың студент оқытылып, 515 жасанды интеллект жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар халықаралық Coursera платформасы арқылы үш жыл ішінде 200 мың студент 550 мың сертификат алды. Бұл бастамалар жастардың цифрлық дағдыларын жетілдіруге, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жоғары білім беру жүйесін жаңа технологиялық талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Кездесу аясында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Наужан Дидарбекова Павлодар облысының Мамандықтар атласын таныстырды. Ол жасанды интеллект дәуірінде өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие болатын мамандықтарға тоқталып, жоғары технологиялар, IT-аналитика және өнеркәсіптік өндіріс бағыттарын біріктіретін пәнаралық білім беру бағдарламаларын дамытудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде «QazInnovations» Қазақстандық инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Санат Жолдыхан ғылыми-инновациялық бастамаларды мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат берді.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Министрлік өкілдері Margulan University-дің ғылыми-техникалық инфрақұрылымымен де танысты. Атап айтқанда, делегация Цифрландыру және жасанды интеллект кеңсесінің жұмысын, университеттің серверлік жабдықтарын, сондай-ақ когнитивтік зерттеулер және дарындылықты диагностикалау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу зертханаларының қызметін көрді.
Сонымен қатар вице-министр Павлодар облысының тұрғындарын жеке қабылдап, олардың ғылым және жоғары білім саласына қатысты өтініштерін қарады. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, барлық өтініш бақылауға алынды.


