Салдары ауыр "әзіл": ІІМ терроризм туралы жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті

Салдары ауыр "әзіл": ІІМ терроризм туралы жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті

Бір әзіл жүздеген адамды эвакуациялауға, шұғыл қызметтердің оқиға орнына жетуіне және қылмыстық істің қозғалуына себеп болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратудың қауіпті екенін ескертеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

2026 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі - 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар.

Ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны және басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған хабарламалар тарату - ауыр салдарға әкеп соғатын әрекет. Мұндай хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көп жағдайда осындай әрекетке өз ісін жай ғана қалжың немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады. Интернетте бұл "сваттинг" деп аталады.

Бұл кезде хабарламада көрсетілген нысан, яғни мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, ресурстар мен қомақты қаражат жұмсалады.

ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі. Ойланбай жасалған әрекет қылмыстық жазаға ғана емес, отбасы үшін елеулі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін.

ІІМ ата-аналарға балалардың интернетте немен айналысатынын, кімдермен араласатынын және өз әрекеттерінің салдарын түсіне ме, жоқ па - осының бәрін бақылау маңызды екенін ескертеді.

Полиция азаматтарды қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ал осындай хабарламалар алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ