Тіл тазалығы сот жүйесінде де сақталуы тиіс

Тіл тазалығы сот жүйесінде де сақталуы тиіс

Қара қылды қақ жара төрелік айту оңай емес. Ертеде қазақ қоғамы дауды шешу үшін қиянатқа жаны қас, сөзі мірдің оғындай адал да әділ билерге жүгінсе, бүгінде мәселені сот қарайды. Сондықтан бүгінгі соттарға даулы істерді қарау үшін құқықтық терең білім, әділдік қана емес, шешендік қасиет те аса қажет.

Еліміздегі сот органдарын жетілдіруде, яғни соттарды оқыту не кәсібилігін арттыру жолында ежелгі билер институтының тәжірибесін қолдану маңызды болмақ. Ал, қазақ билерінің өнегесін сіңіру үшін соттардың тарапынан ана тілімізге деген құрмет қажет.

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс-қағаздарын жүргізу тілі» деп жазылған. Алайда заң саласында күнделікті істерімізді  жүзеге асыру барысында қазақ тілін қаншалықты жеткілікті қолданып жүрміз?

2014 жылдан бастап қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабында: «Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi» деген тармақша бар. Дәл осы бапта: «Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады» деленген. Демек, бұл жерде ана тіліміз — қазақ тілін басқа тілдерден мәртебесін аспандататын заңдық көзқарас көріп отырғанымыз жоқ. Біздің пайымдауымызша, қазақ тілі барлық сот отырыстарында тараптардың қай ұлт екендігіне қарамастан міндетті тіл ретінде қолданылуы ұлтық ұстынымызды ұлықтауға тағы бір серпін берер еді.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі – оның қоғамда түрлі салада, әсіресе заң саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі де қазіргі таңда актуальды мәселелердің бірі. Заң саласындағы іс қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түспей, стильдік жағынан қалыптаспай, мемлекеттік ресми құжаттардың барлығы алдымен қазақ тілінде жазылмай, барлық құрылымдағы іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілмей, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңеймейтіні рас. Сондықтан заң терминдерін аударғанда және күнделікті заңдық қатынастардағы тілдік нормалардың өз деңгейінен ауытқымай, сол қалпында пайдалануы да ана тіліміздің мәртебесін айқындай түсетініне дау жоқ.

Жоғарыдағы заң бойынша сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың келіп түсуіне қарай жүргізілетіндігін көріп отырмыз. Демек, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде, немесе өзі білетін басқа тілде сотты жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасауға, түсініктер мен жауап берулер, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі, сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы халықтың сотқа деген сенімін де артыра аламыз.

Заң саласындағы іс қағаздарын өз тілімізде ұқыпты әрі сапалы жүргізу де осы саладағы тіл тазалығын сақтауды міндеттейді. Қазіргі таңда әрбір мемлекеттік орган тарапынан халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ең алдымен мемлекеттік тілде жүзеге асыру міндет болып табылады.

Тұңғыш Президентіміз Елбасы «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деп қысқа әрі нақты бағасын беріп, тіл болашағын айқындап қойды.

Азаматтық қоғам қалыптастыруды Қазақстанның сот төрелігінде заңдылықтың сақталуы принципінен көруге болады. Сот – адам тағдыры шешілетін орын. Сондықтан судьялардың өз шешімдері мен үкімдерін шешен, сауатты, тіл нормасын сақтай отырып жеткізуі көпшілік қауымға қатты әсер ететінің де естен шығармаған абзал.

А.ОСПАНОВА,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...