Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық қабылдауда азаматтардың су шаруашылығына қатысты өзекті сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Алматы облысының Ақши ауылының тұрғындары Айдарлы, Ақши және Бозой ауылдарын, сондай-ақ жергілікті шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етіп отырған Бозой топтық су құбырын реконструкциялау мәселесін көтерді. Бұл нысанда ұзақ уақыт бойы жөндеу жүргізілмеген.
Іле ауданы әкімдігі «Қазсушар» РМК-ның «Алатау» филиалымен жасалған меморандум аясында Бозой топтық су құбырын реконструкциялауға арналған жобалық-сметалық құжатты әзірледі. Әкімдік бюджетке өтініш бергеннен кейін, Су ресурстары және ирригация министрлігі жобаны қаржыландыру мен іске асыру мәселесін қарайды.

