Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан Президентіне әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды. Бұл туралы Azattyq Ryhy сайты жазды.
Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен, біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елдімекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақытылы жою қажеттігін де ескертті.
«Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш затты залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.
Былтырғы Арыс қаласында болған жарылыстан бүлінген нысандардың бірі теміржол бекетінің ғимараты болатын. Президент Түркістан облысына сапары барысында «Арыс-1» теміржол вокзалының қазіргі ахуалымен, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті.
«Шын мәнінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті», – деді Мемлекет басшысы.
Президент былтырғы жарылыс кезінде барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.
«Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Көптеген елдер зардап шекті. Сондықтан біз де қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Бұл – ең алдымен, дәрігерлердің еңбегі. Шұғыл шаралардың нәтижесі. Дегенмен, әлі де сақтық шараларын ұстануымыз керек. Босаңсуға болмайды. Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұрғындар жарылыс болған күні шұғыл түрде түнделетіп ұшып келіп, халықпен кездесіп, жағдайда үнемі бақылауда ұстаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын айтты. Жергілікті халық Арыс қаласы толықтай қайта жаңарғанын, бұл дер кезінде қабылданған шешімнің нәтижесі екенін, осындай сындарлы сәтте мемлекеттің қамқорлығын сезінгендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.