Қазақстанның медиакеңістігі дәл қазір бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қай түрінен де кенде емес. Газеттердің де, телеарналардың да және заман талабына қарай соңғы жылдары интернет басылымдардың да қатары қалыңдаған. Біздің ойымызша, оған тек қуану керек. Себебі ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікті нығайтып, қуатты һәм мәңгілік өмір сүретін Қазақ елінің тасын өрге домалату жолындағы жанталас жалғыз экономиканы жолға қойып, сәтті-сәтсіз саяси, құқықтық, әлеуметтік реформалар жасаумен шектелмейтіні анық. Руханият дейтін ең маңызды сала бар. Оны тегі бар кез келген ұлттың, тарихы бар қайсыбір мемлекеттің өзегі деп ұқсаңыз, қателеспейсіз. Ал халықтың рухын үнемі ояу ұстаудың және ұлттық идеяны, мемлекеттік идеологияны насихаттаудың бірден-бір құралы бұқаралық ақпарат құралы екеніне қазақ зиялылары әлдеқашан көзімізді жеткізіп қойған. Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» дейтіні де – содан.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қоғамы үшін пікіріңді бүкпесіз айтып, көзқарасыңды күлбілтелемей білдіретін мінбер (трибуна) ешқашан көптік етпейді. Әсіресе, дәл мына заманда. Өз басым еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының қатары тағы бір интернет басылыммен толыққанын қуанышпен қабылдадым. Құтты болсын, әріптестер! Елдің сөзін сөйлеп, тура жолдан таймайтын, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеретін ақпарат агенттігі ретінде қалыптасарына бек сенімдімін. Аудиториясына «тура биде туған жоқ...» дейтін қағидамен бейтарап, ой таразысының екі басын тең ұстап және жан-жақты, терең сарапталып жазылған мақала ұсынған БАҚ-тың ғұмыры ұзақ болары және оған үңілген оқырмандар қатары жылдам көбейе түсері хақ.
Жаңа редакция ұжымына шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін. Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер! Сәт сапар, «NO-COMMENT.KZ»!
Құрметпен, Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма Төрағасы.