Kazakh Tourism үш жылда 7,7 млрд теңге жұмсады. Бірақ ішкі туризмге енді бет бұрып жатыр

Kazakh Tourism үш жылда 7,7 млрд теңге жұмсады. Бірақ ішкі туризмге енді бет бұрып жатыр

2017 жылы Қазақстанды туристік бағыт ретінде әлемдік деңгейде таныту мақсатында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы құрылды. Акционерлік қоғам Мәдениет және спорт министрлігінің құрамына кіреді. Оған елдегі маркетинг, туризмге инвестициялар тарту және 2025 жылға дейінгі туризмді дамытудың ұлттық стратегиясын жүзеге асыру сеніп тапсырылды. Бұл туралы  Azattyq Rýhy сайты жазды.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме 2017 жылы құрылғанымен, қаражат мемлекеттік бюджеттен тек 2018 жылдан бері бөліне бастады.

2017 жылдың жалпы бюджеті – 181 млн теңге, 2018 жылы – 2 млрд теңге, 2019 жылы – 3,2 млрд теңге, 2020 жылы 1,7 млрд теңгені құраған. Барлығы – 7,7 млрд теңге.

2020 жылғы бюджет көлемі бұдан да қомақты болуы керек еді, коронавирус пандемиясына байланысты ол имидждік іс-шараларды азайту есебінен 56%-ға қысқарды. Ал ұйым қызметкерлерінің саны 20%-ға азайды.

Компания мемлекеттен бөлінген миллиардтар жайлы теріс ой тумас үшін бюджетін жағдайы шамалас көршілес елдермен салыстырады. Мысалы, Грузия тек жарнамалық іс-шаралардың өзіне 14 млн АҚШ долларын, (5,8 млрд теңге), ал Әзербайжан 34 млн АҚШ долларын (14,2 млрд теңге) бөлген.

АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ? ҚЫМБАТ ВИДЕОРОЛИКТЕРДІҢ ПАЙДАСЫ БОЛДЫ МА?

Kazakh Tourism құрылған кезде алдымен жеті тілде ақпарат тарататын https://kazakhstan.travel/ туристік порталы құрылып, Қазақстан жайлы толық ақпарат орналастырылды. Одан кейін шетелден туристер тарту үшін бірнеше шара ұйымдастырылған.

«Отандық туристік қауымдастықпен бірлесе бірыңғай стильдегі стендтерде халықаралық туристік көрмелерге қатыстық. Бұл іс-шаралардың арқасында 2018-2019 жылдары 13 халықаралық туристік көрмелерде 117 отандық туристік компаниялар шетелдік әріптестермен 5 мыңнан астам кездесу жасап, шамамен, 1400 келісім жүргізілді.  Ол бойынша елімізге сырттан 22 мыңнан астам турист әкелуге келісім жасалды.  2019 жылы ТМД елдері ішінде алғаш рет PATA дүниежүзілік туристік ұйымының ауқымды іс-шарасы өткізілді. Оған 1200 тур-қауымдастық өкілдері қатысып, шет елдерден 1000-ға жуық азамат келді», - делінген компанияның жауабында.

Kazakh Tourism 2018 жылы 19 қаңтарда шетелдік туристерді медиа арқылы Қазақстанға тарту мақсатында «Kazakhstan Travel» деп аталатын YouTube арнасын ашты. Бірақ арнаға жазылушылар саны 3,4 мыңға енді жеткен. Барлық видеоны қосқандағы қаралым саны – 629 мың. Онда 11 жарнамалық ролик, «Қазақстанның уникалды жерлері» циклындағы 3-4 минуттық 12 видео, 10-нан аса қысқа экспедиция роликтері, «СаяхатTime» деп аталатын 5-10 минуттық бағдарламаның 10 саны жүктелген. Ең танымал видео – «Сіз мұндай Маңғыстауды бұрын-соңды көрмегенсіз» ролигі – 166 мың, «Travel to Kazakhstan» ролигі 42 мың қаралым жинаған. Қалған видеолардың қаралымы 30 мыңға да жетпейді.

Бірақ компанияның баспасөз қызметі мақсат компанияның өз ресми әлеуметтік желілерін дамыту емес, сол видеоларды басқа адамдардың, туристік компаниялардың Қазақстанды жарнамалау үшін бөлісуіне жағдай жасау екенін алға тартады.

«Роликтердің бәрін тек біздің арнамыздан көру керек деген сөз жоқ. Біз контент жасаймыз да, оны барлық елшіліктерге жібереміз. Оны туризммен айналысатын компаниялар да пайдаланады. Біз Kazakh Tourism компаниясының арнасын, әлеуметтік желілерін емес, Қазақстанды жарнамалаймыз. Сонымен бірге роликтерді шетелдік ақпарат құралдарында «айналдыруға» қолданамыз. Ол кезде де сілтемені өзіміздің YouТube арнамызға ғана бермейміз», - деп түсіндірді баспасөз қызметі өкілі.

Сондықтан Kazakh Tourism кей видеоларға таргеттік жарнама әдісін қолданып, көрсетілімді көбейтуге ақша шығарған. Euronews, Eurosport digital платформаларында жарнамаланған. Google, Facebook, Instagram, YouTube және Yandex жүйелерінде «айналдырылған».

Ал енді сандарға қарайық: Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы елімізге 7,7 млн, 2018 жылы – 8,8 млн, 2019 жылы 8,5 млн шетел азаматтары келген. 2020 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның орналасу орындарында (қонақүй, туристік база, т.б. ғимараттар ) 150 мың ғана шетел азаматтары тоқтаған.

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) есебі бойынша, Қазақстанда шетелдік туристердің елімізге әкелген пайдасы 2017 жылы – 2,3 млрд, 2018 жылы – 2,6 млрд, 2019 жылы – 2,9 млрд АҚШ долларын құраған.

ПАНДЕМИЯ ІШКІ ТУРИЗМГЕ НАЗАР АУДАРУҒА МӘЖБҮРЛЕДІ

Kazakh Tourism коронавирус пандемиясы, шекарадағы шектеулерден кейін ішкі дестинацияларды дамытуды қолға алғысы келеді.

«Бұл қаражаттың (1,7 млрд теңге) басым бөлігі ішкі туризмді дамытуға арналған және осы күнге дейін шешімі табылмаған немесе назардан тыс қалған сұрақтар зерттеліп, тиісті ұсыныстар қалыптастыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, бұл – сервистік сапа, шипажайлық-курорттық демалыс, экологиялық, этнографиялық, балалар мен жасөспірімдер, аграрлық караванинг туризм және қолөнершілер мәселесі», - делінген компания баспасөз қызметінің Azattyq Rýhy тілшісіне берген ресми жауабында.

2020 жылдың мамыр айында Kazakh Tourism балаларға ата-аналарымен бірге ел ішіндегі демалыс орындарына тегін ұшуға мүмкіндік беретін «Kids Go Free» жобасын әзірледі. Бір ересек адам жолдама алса, 2-14 жас аралығындағы 2 баланың жолақысы мемлекет есебінен субсидияланады. Оған 1 жылға 150 млн теңге керек. Бастаманы тамызда Үкімет қолдайтынын жеткізді, енді Парламентте қаралуы тиіс.

Дегенмен, сарапшылар шетелдіктерді қызықтыруға асықпас бұрын, өз азаматтарымыз үшін тиісті инфрақұрылым мен жеңілдіктер жасалуы тиіс екенін бұрыннан айтып келеді.

«Өзімізден бастауымыз керек. Біздің азаматтарымыздың әлі турист болу мәдениеті қалыптаспаған. Карантин кезінде шетелге шыға алмағандар әсем табиғатымызды құртып жатыр. Елді жарнамалауға бағытталған роликтер дұрыс емес дей алмаймын. Бірақ ұлттық компания туристік мәдениетті дамыту жұмысын күшейтуі керек. Жаңа басшылық бұл ұстаныммен келіседі. Ішкі туризмге бет бұрғаны көріне бастады...

Мысалы, Қытайда әр қытай баруы тиіс 8 жер бар, бұл - ұлттық идея. Оларға бармайынша адамды патриот деп санамайды. Сонымен бірге, көктем мен күзде 7-10 күн аралығында демалыс болып, Оңтүстік Қытай азаматтары Бейжіңге барады немесе Гонконгтағылар басқа қаланы көреді. Биыл саяхаттамаса, жоспарын міндетті түрде келесі жылға қалдырады. Ал бізде Солтүстік Қазақстанның кей тұрғыны Түркістанның, Сарайшықтың немесе Бекет атаның не екенін білмейді», - дейді туризм бойынша сарапшы, қазіргі Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Олжас Шынтаев.

Айтпақшы, Kazakh Tourism компаниясының кейінгі әзірлеп жатқан видеороликтері де ішкі нарыққа бағытталған. Биыл компания сондай 10 видео шығарып, таратуды жоспарлаған. Олардың жалпы құны – 105 млн теңге. Осы аталған сомаға қатысты жақында БАҚ пен әлеуметтік желіде сын көп жазылған еді.

Дегенмен, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінің фонында Алматы облысының көрікті жерлерін виртуалды тур форматында көрсеткен видео жұртшылық тарапынан жақсы бағаланды. Kazakh Tourism түрлі әлеуметтік желілердегі бөлісулерді қоса алғанда, қаралым саны 1,5 млн-ға жетті деп есептеген.

ҚАЗАҚСТАН ЕНДІ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОТУРИЗММЕН ТАНЫЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Kazakh Tourism ел аумағының кеңдігі, халық тығыздығының төмендігі бойынша көпшіліктен жырақ, оңаша саяхаттауға мүмкіндік болғандықтан, қызығушылық енді Қазақстанға ауады дегенге сенгісі келеді. Бұған жыл басындағы британдық бэкпекерлер қоғамының эко-саяхатқа әуес туристер үшін «must visit» тізіміне Қазақстанды «үздік бестікке» жайғастырғанын, Gulf News басылымының Үлкен Алматы көлін БАӘ тұрғындары үшін «Үздік-5 дестинация» қатарына қосқанын, тағы басқа рейтингтерді дәлел қылып отыр. Сондықтан, коронавирус пандемиясынан кейін экотуризм бағытындағы жұмысты жандандыруды жоспарлаған.

Бұдан бөлек, Қазақстан этнотуризм бағытын да қолға алмақ ниетте.

«Көшпенділер мәдениетінің тұңғиығына үңіліп, бар әлем бас қатырып отырған жауапсыз сауалдардың шешімін табуымыз ғажап емес. Көшпенділердің сәлемдесуінің өзі - әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып ізет білдірудің керемет үлгісі. Осылайша, отандық туризмнің пандемиядан кейінгі бағыты экологиялық және этнографиялық туризмді дамыту арқылы жалғасын табады», - дейді бұл туралы Kazakh Tourism өкілдері.

Туризм индустриясы ұлттық ассоциациясының президенті, «Ел Үміті» салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы «Туризм» бағытының көшбасшысы Гаухар Жеңісбек елдегі этнографиялық туризмді дамыту стратегиясында шынайылық жетіспейді деп санайды.

«Біз әлемге өзімізді көшпелі халық ретінде көрсетіп, этнотуризмді дамытуға ұмтыламыз. Бірақ қазір Nomad емеспіз ғой. Ешкім киіз үйде өмір сүрмейді. Оны қолдан жасап қойсақ, бәрібір шынайы емес екені білініп тұрады, қызығушылық тудырмайды. Сондықтан нақты жағдайға оралып, этнотуризмді ауылдық туризммен немесе агротуризммен байланыстыруымызға болады. Себебі, бізде бәрі өседі ғой», - деп пікір білдірді Azattyq Rýhy тілшісіне.  

Г. Жеңісбек осы күнге дейін Қазақстанда туризмді жолға қоюдың біртұтас жоспарының болмауы да дамуға кедергі болғанын айтады.

«Шынын айтсақ, Қазақстанда туризмге соңғы 3-5 жылда ғана назар аударылып келеді. Оған дейін біз сыртқа жұмыс істеп келдік, қазақстандықтар шетелде демалады. Әрине, басқашалау жасауға болар еді. Мысалы, бізде біртұтас даму жолы болған жоқ. Әр облыстың бюджеті бөлек, туризмді дамытуға қатысты өз көзқарасы бар. Бірыңғай «фронт» болмаса, нәтиже шықпайды. Біз, тіпті, көрмелерге де жеке-жеке шығамыз. Бір жерде Алматының стэнді тұрса, Қазақстанның стэнді басқа жерде бөлек тұрады. Жеке-жеке туризм ұйымдары да көп. Бізде сабақтастық та жоқ. Бір министр өз деңгейінде бір бағдарлама бастаса, оның орнына келген адам басқасын жасайды. Ал бір бағдарламаның жүзеге асуы үшін 3-5 жыл керек» ,- дейді бұл туралы сарапшы.

Сондай-ақ ол әлемге өзімізді барлық жағынан емес, туризмнің нақты бір бағыттары бойынша көрсетуге тырысу керек деген кеңес береді.

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...