Бүгінгі таңда бүкіл әлем экологиялық проблемалардың құрсауында тұр десек, қателеспейміз. Экология проблемаларына арналып, жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде сандаған жиындардың өтіп жататыны соның дәлелі. Бір таң қаларлығы, бүкіл жаһанды алаңдатып отырған проблема шымкенттік шенеуніктердің қыртына да кірмейтін сияқты.
Олай дейтініміз, осыдан 3 жыл бұрын Шымкентте «Шатқал» дейтін бағдарлама дүниеге келіп, 124 гектар жерге ағаш егіліп, жасыл белдеу құру науқаны басталып кеп беріп кеткен. Сол кездегі әкім Ж.Түймебаев бұл жұмыстарға 1 млрд. теңге шамасында қаржы бөлдіріп, қаншама түп ағаш егілді. Бірақ, бүгінде ол көшеттердің басым бөлігі қурап, шатқалдардың шаңы шығып жатыр. Оған қоса ағаш егілген жердің біразы 2006 жылы 20 жылға жалға берілгені анықталып, иелері жасыл белдеуді қиратып тастаған. Сонда Елбасының еліміздің барлық өңірінде «жасыл белдеу» құру жөніндегі тапсырмасы қайда қалды? Неге Шымкентте бұл маңызды жоба өз деңгейінде атқарылмады? Мұны аз десеңіз қаладағы «Сәуле» шағынауданындағы сонау кеңес дәуірінен қалған саялы жасыл желек бүгінде қураған тоғайға айналды.
Ал, «Құрсай» елдімекеніне жақын орналасқан бұрынғы қорғасын зауытынан шыққан қалдықтардың мәселесі 2012 жылдан бастап көтеріліп келе жатса да сол шешілмеген күйінде тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зауыттан шыққан қалдықтардың әсерінен адам қанындағы ауыр металл мөлшері көбейіп, демікпе, анемия, аллергия, жүйке жүйесінің бұзылуы сынды аурулар пайда болған. Тіпті, мамандар сол жерде тұратын 300-ден астам балаға зерттеу жүргізгенде олардың 34 пайызының қанында қорғасын мөлшерінің артқанын анықтаған. Мұның бәрін аз десеңіз, жергілікті билік шымкенттік ғалымдардың «күлді жасыл шөппен жауып, шетінен өндіру керек, өйткені ондағы түсті металлдардың құны 200 млн. АҚШ долларын құрайды» деген ұсынысына құлақ аспай, жекеменшік компанияға небәрі 30 млн. теңгеге сатып жіберген. 2 жыл бұрынғы сауда ережесі бойынша компания 2 млн. тоннаға жуық қалдықты 5 жыл ішінде тасып бітуі керек болған. Бірақ, ол күлдің мөлшерінің азайып жатқаны байқалмайды. Жағдай осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта тағы қанша қала тұрғыны осынау экологиялық зардаптың құрбаны болатыны белгісіз...
Сондай-ақ, бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтары төгілген орынға салынып кеткен «Сәуле» шағынауданындағы экологиялық проблемаларға көңіл бөліп жатқан кім бар? Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мөлтекаудандағы үйлер 10 метрдей қалыңдықтағы күлдің үстіне салынып кеткен. Проблеманың өткірлігі соншалықты, тұрғындардың айтуынша, күн ысығанда аяқтың астындағы күл де ысып, кейбір аяқкиімдердің табаны еріп кететін көрінеді. Осы уақытқа дейін экологтар ол күлдің денсаулыққа қандай зияны бар екенін зерделеді ме? Дабыл қақты ма? Бұл жерде тұрғындарды «неге күл үстіне үй салдың?» деп кінәлай алмаймыз. Үй салуға рұқсат берген жергілікті билік осынау әрекеттің зардабы қандай болатынын не сезбеді, не сезсе де өздері туған жерге шет жұрттан әрең жеткен қандастар арызданып, қайда бара қояр дейсің деп ойлаған болулары керек. Анығы Аллаға аян.
Үшінші мегаполистегі «Пахтакор» деп аталып кеткен шағынаудан тұрғындары бүгінде мазаларын сасық иіс алып тұрғанын айтады. Тура демалыс күндері ауаға тарап, алқымды алатын иістің қайдан, неден шығатынын айтып бере алатын адам табылмай тұр. Оған кім жауап береді? Жалпы, Шымкентте экология саласына жауап беретін басқарма бар ма? Бар болса, бұл проблемаларды шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
Сонымен қатар, «Ақтас» елдімекенінің маңында орналасқан қоқыс полигонының проблемасы да Арал мен Балқаштың проблемасына жетеқабыл болып қалды. Кей күндері ыстықтан өрт тұтанып, жанған қоқыстың түтіні далаға жайылып жататынына ел куә. Ал, ол түтін жәй ғана түтін емес, неше түрлі химиялық заттардың түтіні екенін ескерсек, тұрғындардың жанайқайын еріксіз түсінуге тура келеді. Жергілікті билік аталмыш полигонды қала ортасынан «Ақтасқа» ауыстырғанына көп болған жоқ. Неге шенеуніктер қоқыс ауыстырғанша сол қоқысты кәдеге асыратын зауыт салмады? Әлде оған жергілікті биліктің қауқары жетпей ме?
Жалпы, үшінші мегаполис экологиясының нашарлауына әсер етіп жатқан жағдай көп. Біз ең негізгілерін ғана тізбеледік. Табиғаттың тазалығына әрбір тұрғынның атсалысуы қажет те шығар. Алайда, жыл сайын экологияға бюджеттен қомақты қаржы бөлінетінін ескерсек, жергілікті билік осы уақытқа дейін жоғарыдағы проблемаларды түгел болмаса да біразын шешіп қоюы керек еді ғой. Өкініштісі, шымкенттік шенеуніктерді бұл проблемалар алаңдатпайтын секілді. Себебі, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отыр...
No-comment.kz