Әйтенов қимайтын әкім бе, елді қинайтын әкім бе?

Әйтенов қимайтын әкім бе, елді қинайтын әкім бе?

Біздің редакция соңғы он жылда Оңтүстік өңірі мен Шымкентті басқарған әкімдер жайлы материалдар сериясын жариялап жатқандығынан көзіқарақты оқырман хабардар. Біз бұл материалдарда кешегі әкімдердің ел үшін жасаған игі істері мен оларға көпшілік тарапынан айтылған сындарды еске салғанбыз. Ал, бүгінгі әңгіме Шымкенттің қазіргі әкімі Мұрат Әйтенов турасында болмақ.

Алдымен осы жылдың басында Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Мұрат Әйтенов туралы ел ішінен позитив пікір іздегенбіз. Сөйтсек... сіздер де кешіріңіздер, аса құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы да кешірсін, елде қазіргі әкім туралы әзірге оң пікір болмай тұр.  Рас, оған кешегі коронавирустың бірінші толқыны да өзінің кері әсерін тигізгені анық. Сол бір мылтықсыз майдан күндері бүкіл Қазақстан секілді Шымкент билігі де бірінші кезекте ақпараттық соғыста тас-талқаны шығып, ойсырай жеңілді. Әйтенов әкім коронавируспен күресудің орнына сол күндері оңды-солды өтірік айтумен айналысып кеткендей болды. Оның «Шымкентте күніне 400 тонна антисептик шығаратын зауыт салынды» деген өтірігіне басында күліп қараған шымқалалықтар «Шымкентке бүгін-ертең 5 вагон дәрі-дәрмек келе жатыр» деген өтірігіне күлген жоқ. Шынымен сенді. Сенді де әрекетсіз отырып қалды. Кейін қырылып бара жатқан соң, амал жоқ, өздері Өзбекстан асып, тіпті Ресейге дейін шығандап шығып, дәрі іздеп кетті. «Сол кезде өтірік айтпай, «ағайындар, өз қамдарыңды өздерің жасамасаңдар болмайды, Шымкентте дәрі жоқ» десе осы әрекетімізді босқа қырылып қалғанша, сол алғашқы күндері-ақ істейтін едік қой» деп ренжиді тұрғындар. Осы коронавирусқа бола арнайы салдырған ауруханасының жыры оған жұмсалған қаражаттан да асып кетті-ау. Дайын ауруханалар мен емханаларды тура әлемді коронавирус жайлап жатқан кезде күрделі жөндеу жұмыстарына қойып, шілденің шыжыған күндерінде жеңіл атлетика манежінен емхана жасады.  Жан айқайын жеткізген «Жедел жәрдем» жүргізушісінің ертесіне БАҚ арқылы кешірім сұрауы да қала билігіне абырой әкелген жоқ. Осылайша коронавирус басталған кезде айтылған өтірік сол індет саябырлағанша айтылып тұрды. Ел енді басын көтере бергенде көшеде маска таратып жасаған пиары бұқараның тіпті ашу-ызасын туғызып жіберді. Ол осылайша ел басқару ісіне еш дайындықсыз келгенін өзі дәлелдеп берді. Тура белгілі драматургтің «Көшедегі пақырды, әкім бол деп шақырды» деген пьесасы Әйтеновке арналып жазылғандай болып қалды. Ол ол ма, сол күндері науқастардың туыстары медициналық құрылғыларды өздері сатып алып, ал, оған шамалары жетпеген қаншама адам өмірден өтіп кетті. Туыстары мен отбасы мүшелерінен айрылған адамдардың көз алдында Әйтеновтің телеарналардан «Шымкент коронавирус пандемиясымен күресуге жан-жақты дайын» деп тұрған бейнесі кетпей қойды.Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстай алмағаны үшін Шымкент қаласының әкіміне сөгіс те берді. Бір сөзбен айтқанда, коронавирус әлемде жалғыз Шымкентке ғана келгендей әсер қалдырды. Оған аузы күні-түні өтіріктен босамаған Әйтенов мырзаның өзі кінәлі еді.

Қазір біраз тұрғындар Әйтеновті «тышқан әкім» деп атап кеткен. Олай дейтін себебі, Мұрат Дүйсенбекұлы карантин кезіндегі көліктердің аздығын пайдаланып, қала көшелерін жөндеп тастай саламын деді ме, әйтеуір бір мезетте қаладағы 250-ден астам көшенің астаң-кестеңін шығарды. Салдарынан қалада бұрын-соңды болмаған көлік кептелісі пайда болды. Ол әлі де жалғасып жатыр. «Қайта-қайта орталықтағы көшелерді жөндей бергенше, қаланың шет жағындағы топырақ жолдарға неге көңіл бөлмейді?» деген тұрғындардың ызалы пікірлері де әлеуметтік желілерді басып қалды. Айта кетсек, жол жөндеу жұмыстарына 27 миллиард теңге (!) қаражат бөлінген.

Одан кейін, кей қоғам белсенділері «ақшаның қайдан түсетінін жақсы біледі екен» деп бағалап жүрген Әйтенов салынғанына бірнеше ғана жыл болған «Шәмші аллеясының» тас-талқанын шығарып, қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізді. Тоқымдай жерді жөндеуге бюджеттен 207 миллион теңге (!) бөлінді. Тұрғындар жергілікті биліктің бұл әрекетін сынап,  мемлекет қаржысын өз қаржысындай жұмсап жатқандығына наразылықтарын білдірмей қалған жоқ. Тұрғындардың бұл сынына әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жауап бергендей болды. Бірінші орынбасардың айтуынша, әкімдік ол қадамға пандемия кезінде 52 адамға уақытша жұмыс тауып беру үшін барыпты. Ал, тұрғындар болса ол ақшаға тұрақты жұмыс ашуға әбден болатын еді деп тағы ызаланды. Басқалар дәрі-дәрмегін түгендеп, пандемияның болуы мүмкін екінші кезеңіне дайындалып жатқанда, Әйтенов қаржыны осындай жұмыстарға оңды-солды жұмсауда.  

Сондай-ақ, бүгінде қоғамның қызу талқысына түсіп жатқан тақырып - ипподромды көшіріп, орнына тұрғын үй салу жоспары. Бұған қарсы адамдардың саны өте көп! Өйткені, дендросаябақ пен хайуанаттар бағының аумағында орын тепкен атшабардың орнына тұрғын үй салу демалыс аймағының болашағына үлкен қауіп төндіреді. Дегенмен, Мұрат Әйтенов шаһарға іссапармен келген вице-премьер Роман Склярға бұл жұмыстар жайлы BI-Group құрылыс компаниясымен «жоский сауда» болғанын айтып, ешкім күлмесе де өзі күлген. Бұдан соң қоғам белсенділері Әйтеновтың бұл әрекетіне қарсы петиция жариялап, қол жинады. Кейіннен жергілікті билік халықтың осынау наразылығынан аяқ тартты ма, әйтеуір қоғамдық пікірмен санасатындығын, бұл жай жоба ғана екендігін айтып ақталғандай болды. Қазіргі ипподром орнына тұрғын үй салына ма, жоқ па, ешкім білмейді. Ресми жауап әлі берілген жоқ.  

Сондай-ақ, Әйтенов әкім болғаннан бастап әлеуметтік желіде проблема айтқан адамның жазбасына фейк аккаунттар «шабуыл» жасайтынды шығарды. Тіпті кейбір фейктер аузына келгенін айтып, адамдардың ар-ожданына нұқсан келтіруді қалыпты жағдайға айналдырып жіберді. Кейбір желі белсенділері «олардың барлығы әкімдіктің жағымды жаңалықтарын жариялаумен айналысатын Ішкі саясат басқармасына қарасты Ақпараттық коммуникациялық орталыққа тиесілі» деп те айтады. Егер бұл рас болса, аталмыш орталықтың қызметкерлері Әйтеновтың имиджіне тек кері әсер етіп жатыр деп батыл айта беруге болады. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халық пен билік арасындағы диалогқа баса мән беру керектігін барлық билік өкілдеріне нақты тапсырған.  Президенттің бұл тапсырмасы Шымкентте қалай жүзеге асырылып жатқандығын Сіз бен Біз көріп жүрміз...


Халық жақсы әкім қызметтен кетсе, қимай жатады, жаман әкім қызметтен кетпей, табандап отырып алса, «мына Пәленшеев шаршатып жіберді ғой» деп ренжіп жатады. Әйтенов осы екі топтың қайсысына жатады, оны мәртебелі оқырманның өздерінің-ақ біліп отырғанына күмәніміз жоқ.

 

No-comment.kz

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Бүгін таңертемен спорт сүйер көпшілік қаламыздың мақтанышы “Дендросаябаққа” жиналды. Онда Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай жаппай жүгіру...

«Интер Майами» добился крупной победы и лидирует в МЛС. Нью-Ингленд Революшн — Интер 1:4 Через неделю «Интер Майами» ждет первое в нынешнем сезоне испытание повышенной...