Мегаполис болғанда тапқан пайдамыз қане?!

Мегаполис болғанда тапқан пайдамыз қане?!

Қазіргі уақытта салық төлеу тұрғындарға ешқандай қиындық туындатпайды. Тиісті мекемелерге барып немесе ұялы телефон арқылы Kaspi.kz, Homebank, Halykbank және «eSalyq mobile» бағдарламаларымен салығыңызды әп-сәтте төлей аласыз. Бірақ, әлі күнге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан бірнеше проблема да бар. Әсіресе, Шымкент қаласында.

Бүгінде салық төленген кезде жүйеде пайда болатын қателіктер мен кемшіліктер көпшіліктің орынды реніштерін туғызуда. Тұрғындардың айтуынша, оларға бұрын сатылып,  басқаның меншігіне өтіп кеткен жер, көлік, мүлігіне салық төлеу туралы хабарлама қайта-қайта келе беретін болса, енді біреулер салық төлеуден кешігіп, ол мәселені шешуге біршама уақытын жоғалтып қана қоймай, жүйкесін де тоздыратын көрінеді.

Осындай хабарламалардан соң тұрғындар жергілікті Мемлекеттік кірістер департаментіне арыз түсіреді. Ол арыз қаралып бітем дегенше сот орындаушылары банктік есеп-шотыңызды бұғаттап үлгереді. Одан соң мемлекетке төлеген салығыңыздың немесе әкімшілік айыппұлыңыздың анықтамасын қайта сол сот орындаушыға апарасыз. Ол сіздің есеп-шотыңызды бұғаттан шығарады. Сот орындаушының берген қаулысын өзіңізге тиесілі банкке және автокөлігіңіз болса жол-патрульдік полициясына тағы апарасыз. Міне, көрдіңіз бе, салық пен айыппұл төлеу оңай, ал, қателіктермен төленген қаржыны қайтарып алу және өз шотыңызды ашу қандай машақат десеңізші! Одан бөлек, сіз сот орындаушыға шотыңызды бұғаттан шығарғаны үшін заңды түрде тағы ақша төлейсіз... Бюрократизмнің мұндай классикалық түрін күндіз шаммен іздесеңіз таба алар ма екенсіз?!

Бұдан бөлек, осыдан бірнеше күн бұрын Шымкенттегі Мемлекеттік кірістер департаментіне көптеген тұрғын шағым айтып барған болатын. Олар салықтың күрт көтеріліп кеткендігіне наразылықтарын білдірген. Бұл мәселеге Шымкент қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті «Шымкент қаласының республикалық қала мәртебесіне ие болуына байланысты, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ұсынысымен биыл салық көлемі артып отыр... Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қала мәртебесінің өзгеруіне орай ұсынған тарифі. Корпарация ұсынған мәліметке сәйкес тұрғын үйлердің 2019 жылға мүліктің 1 шаршы метрінің бағалау құны 36 мың теңгеден 60 мың теңгеге өсіп, бағалау құны негізінде салық есептеліп, мүлік салығы бойынша салық сомасы ұлғайып отыр» деп жауап берген.

Әлемді пандемия алқымнан алып тұрған шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарға мейлінше көмек көрсетуді, әлеуметтік жеңілдіктер жасауды тапсырғанда Шымкент қалалық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Осыдан кейін шымкенттіктер «бүйткен мегаполисі бар болсын» демей ме? Сонда Шымкентке арнайы Жарлықпен мегаполис мәртебесін берген тұңғыш Елбасының беделін кім ойлайды?!

Сұрақ көп, жауап жоқ. Ал, мәселе өте күрделі. Елдің абыройын, Елбасының беделін, Президенттің пәрменін сыйласа, бірінші кезекте Шымкент қалалық әкімдігі бар жауапкершілікті өз қолына алуы тиіс деп санаймыз. Проблема Шымкент қаласы тұрғындарының проблемасы болғандықтан бұл жерде «мұның бізге қатысы шамалы» деген әңгіме жүрмейді.

Қатысы болғанда, қандай!

 

No-comment.kz

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

«Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың, Германия экономикасының Шығыс комитеті...