Бүгін Түркістан қаласында алғаш рет жастарға арналған «Еріктіліктен – әлеуметтік кәсіпкерлікке» атты практикум өтті.
«Ұлы дала елі» орталығында өткен іс-шараның мақсаты - еріктіліктің қоғамдағы маңызын арттыру, жастардың азаматтық белсенділігін дамыту және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайту. Сонымен қатар, еріктілерді әлеуметтік кәсіпкерлікке бейімдеу арқылы олардың қаржылық тұрақтылығын қалыптастыру көзделген.
Іс-шараға арнайы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жастардың азаматтық белсенділігін арттырудағы еріктіліктің рөліне тоқталды. Әкім өз сөзінде қоғамға пайда әкелетін әлеуметтік бастамаларды қолдау қажеттігін айтып, жас кәсіпкерлерге табыс тілеп, мұндай жобалардың Түркістанның дамуына қосар үлесінің зор екенін атап өтті.
Шара барысында қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі қырларымен танысып, халықаралық және отандық гранттарға жоба әзірлеу, пичинг әдістерін үйренеді. Сондай-ақ қаржылық табысқа жетудің тәжірибелік тәсілдері мен ұйымның брендингін қалыптастырудың маңызын талқылады.
Практикумға әлеуметтік кәсіпкерлер, меценаттар, жергілікті билік өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Басты спикер – Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті, «Global Kishkentai» инклюзивті шеберханасының негізін қалаушы Гүлмира Пармышева болды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында алғаш рет Түркістан қаласының еріктілері мен әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан азаматтардың арнайы көрмесі ұйымдастырылады.