ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАДАҒЫ ШУАҚТЫ КЕЗДЕСУ

ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАДАҒЫ ШУАҚТЫ КЕЗДЕСУ

12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ақпараттық-насихаттау тобы Шымкент қаласына арнайы сапармен келді.
Әскер қызметінің имиджін көтеру, азаматтардың әскери қызметшілерге, олар атқаратын қызметтік-жауынгерлік міндеттерге оң көзқарасын қалыптастыру, жастарды патриотизмге, Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған ақпараттық насихаттау тобын бастап келген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов іс-сапарын Шымкент қаласындағы «№2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» балаларымен кездесуден бастады. Әскердің бас тәрбиешісі мен Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің өнерпаздарын балалар тамаша көңіл күймен қарсы алды. Мекеменің басшысы, балалардың бас қамқоршысы Лаура Жарылқапқызы алдымен балалар мекемесінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен, орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. 3 жас пен 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер тәрбиеленетін мекемеде балалар үшін жасалған барлық жағдайға Халық қаһарманы өз ризашылығын білдіріп, өзінің атынан алғыс хатпен марапаттап, балаларға құнды сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде тәрбиеленуші балалар да бар өнерлерін ортаға салып, әсем әндерін тарту етті. Жасөспірімдермен болған жаймашуақ кездесу Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің концертіне ұласты. Генерал-майор Қайрат Үмбетов балаларды ел қорғайтын батыл ұландарды оқытып шығаратын оқу орнына білім алуға шақырды. Халық қаһарманы жасөспірімдермен сұхбат барысында, ел қорғайтын офицер болуды мақсат еткен тәрбиеленуші Никита есімді жасөспірім балаға естелік ретінде қол сағатын шешіп беріп, талапты ұлға жарқын болашақ тіледі.
Ақпараттық насихаттау тобының жұмысы Шымкент қаласындағы «Қазақстан Республикасы Қазақстан халқы ассамблеясының» концерт залында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның ән және би ансамблінің «Ұлттық ұлан - ұлт рухы!» атты гала-концертімен жалғасты. Ауқымды көрермендер залы әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерімен, сондай-ақ басқа күштік құрылым өкілдерімен лық толды. Тамаша концерттің қадірлі қонағы болған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Асылов нағыз патриотизм мен ұлтжандылықтың үлгісін көрсетіп жүрген әскери қызметшілерге, ұранды жастардың рухын көтеруге салмақты үлес қосып жүрген Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің өнерпаздарына үлкен алғыс білдірді.
Өнерпаздар гала-концертте әскери әндермен қатар халық әндерін, заманауи және эстрадалық әндерді шырқады. Сондай-ақ көрермендер әлем халықтарының билерін және құрметті қарауыл ротасының дефилесін тамашалап, қошеметтерін аямады. Концерт соңында сөз алған 6506 әскери бөлімінің командирі сахна төріне шығып, әскери қызметшілер мен олардың отбасына, құрметті қонақтарға, ардақты ардагерлерге тамаша көңіл-күй сыйлаған ансамбльдің талантты жастарына ризашылығын білдіріп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының арнайы грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.
Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ақпараттық-насихаттау тобы алдағы күндері Түркістан қаласында өз жұмысын жалғастырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ДДСҰ жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін жаңа қауіпті инфекция туралы мәлімдеді. Марбург вирусының табиғи ошақтары: Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка...

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында тұмаудың пайда болу белгілері және одан сақтану...