ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАРЫСЫ

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАРЫСЫ

Түркістан қаласы тұрғындарының мәдени және әлеуметтік дамуы олардың өмір сүру дағдыларында да көптеген өзгерістер алып келуде. Бұл көнеқаланың жаңа құрылыстармен толысып, кеңейе түсуінен айқын көрініс табады. Осы тұрғыда Түркістан қаласының әрі қарай мәдени әлеуметтік дамуы тікелей адами капиталға байланысты екенін айғақтайды. Мысалы, қала ғимаратындағы адамның өмір сүруі жас ерекшелігіне, жынысына қарамастан бір ортаға топтастырушы қызмет атқарады. Себебі, көптеген адамдардың жұмыс орны, бос уақыты және тұтас өмірі белгілі бір ғимараттармен байланысты. Қала тұрғындарының мәдениеті мен өмір сүру дағдылары тікелей қаланың орналасқан орны мен архитектуралық ерекшелігіне байланысты.
Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 % құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Қазіргі қалалардағы заманауи архитектуралық нысандар адам өмірінің қолайлылық үдесінен шығуды көздейді. Бұл ретте Түркістан қаласының туристік және облыстың әкімшілік орталығы ретінде салынып жатқан ғимараттардың өзіндік функциясы бар. Ол қазіргі Түркістандағы архитектуралық нысандар көпфункционалды қызмет атқаратынын анықтайды. Мәселен, ірі бизнес орталықтарында тек қана бизнес құрылымдардың қызметі емес, сондай-ақ оқу курстарының, сауда орындары мен дәмханалардың және т.б. қызметтер де табылады. Заманауи үрдістерге қарағанда мұндай құбылыстар қаладағы көпсалалы қызметтердің орталықтануын қарастырады. Соның негізінде адамдардың ғимарат ішінде өзіне қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалады.
2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.
Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.
Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарында қала тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 500 мың адамды құрайтынын көрсетеді. Бұл қаланың жан-жақты кеңейіп, тұрғын үйлердің көбеюін қамтамасыз ету мәселесін туындатады. Осыған орай жоспарда Түркістан қаласының тұрғын жай қорын кеңейту қарастырылған.
Мысалы, 2019 жылғы көрсеткіш бойынша Түркістан қаласындағы тұрғын жайдың 92,2%-ы бір қабатты үйлер болған. Бұл 3,3 млн. шаршы метрді құрады. Аталмыш Жоспар бойынша 2035 жылға қарай тұрғын үй қорын 9,3 млн. шаршы метрге дейін көбейту бекітілген. Оның басым бөлігі көп қабатты үйлерден тұратын болады. Сонымен қатар, мектеп, балабақша және емхана сынды әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды өсетіні жоспарланған. Бұл қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге оңтайлы жағдай жасайтын болады. Қорытындылай келе, Түркістан қаласында орналасқан әлеуметтік нысандардың басты мақсаты қала халқының өмірін қолайлы ету, қазіргі заманауи трендтерге сай етіп ұйымдастыру болып табылады. Ал, ескі Түркістандағы әртүрлі кезеңде салынған тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар өз тарихын айшықтай беретін болады. Сонымен қатар, қала архитектурасындағы әлеуметтік үрдістер қала антропологиясының негізгі зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Бұл келешекте Түркістан қаласының архитектурасын символикалық, семиотикалық тұрғыда зерттеу қажеттігін түсіндіреді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтарға арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударады. Құрылыс саласында 22...

2024 жылғы Париж Олимпиадасында үлкен теннистен жеребе тартылды, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап. Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші...