Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасына Шымкент қаласы әкімдігінен өзіне қысым көрсетіліп жатқанын жазды, деп хабарлады no-comment.kz.
«Шымкент қаласы спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың атынан маған угроза жасап, жігіттер шығып жатыр! Ескерту жасап жатқан өзіміздің қазақтың жігіттері! «Сен неге Почиваловты жазасың?», «Сен біреудің заказын орындап жүрсің, айуан!» - деп «қазақтың батырлары» сес көрсетті! Біздің Оңтүстікте шенеуніктерге сын айтсаң, дереу осылай қорқыту-үркіту, ескерту басталады!» - дейді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі А. Орынбек.
Айгүл Орынбектің айтуынша, 20 қазан күні әлеуметтік желіде Почиваловтың мемлекеттік қызметкердің этикасын бұзғаны туралы ақпарат тараған.
«Ал мен мемлекеттік қызметкерлердің этика бұзғаны жайлы бірінші рет жазып жүргенім жоқ! Үнемі көтеріп, жазып жүремін! Бір қызығы, «сенің Почаваловты жазуға құқығың жоқ!» дейді Тимур деген жігіт! Шымкент қаласының Полиция департаменті, мен өмірімнің қауіпсіздігі үшін алаңдаймын! Назарға алуларыңызды сұраймын! Бүкіл угрозалары мен звондаған нөмірлері жіберілген аудиолары сақтаулы! Айғақ зат ретінде ұсына аламын!» - деді заңгер Айгүл Орынбек.
Осыған байланысты, жазбаға тегтелген Шымкент қаласының Полиция департаменті аталған жайттың назарға алынғанын жазды.