Шымкент: Әуежайдың ахуалы қандай?

Шымкент: Әуежайдың ахуалы қандай?

Әуежай – қаланың бет-бейнесі. Келушілердің қала туралы алғашқы көзқарасы әуежайдың  жағдайына қарай қалыптасатыны рас.  Сондықтан әуежайдың заман талаптарына сай, сервисі мықты болуы маңызды. Өкінішке қарай, Шымкент қаласындағы маңызды саяси нысан болып есептелетін әуежайдың бүгінгі ахуалы сын көтермейді.

Бірінші мәселе – әуежайдағы жолаушыларды тасымалдайтын арнайы автобустар. Шымкентке әуе рейсі арқылы келген жолаушылар мен қала тұрғындарының жаңартуды қажет ететін бұл автобустарға көздері үйреніп кеткендей.

Шымкентке келіп-кетушілер көп. Әуежайда қай кезде де ығы-жығы халық. Солай бола тұра әуежайда кіреберістегі жалғыз әжетханадан басқа әжетіңді өтер орын таппайсың. Оның өзінің тазалығы оңып тұрған жоқ.

Әуежайда қарапайым жолаушымен бірге бір залда отыру, кезекпен тіркеуден өтуді қомсынсаңыз, уақыттан ұтқыңыз келсе, ұшаққа тіке VIP зал мен CIP зал арқылы мініп кетіңіз. VIP залға кіргеніңіз үшін -  12 мың теңге, CIP зал үшін 19 000 теңге төлейсіз. CIP зал арқылы жолаушы күтіп алу құны -  11 500 теңге.  VIP-CIP залдардағы былғары орындықта отырып күту үшін осылай бір етек ақшаны төлеуге тура келеді.  Осынша ақша төленген соң соған лайық қызмет күтуге жолаушының да, күтіп алушылардың да құқы бар шығар?!

Әуежайда жолаушыларды күтіп алушыларға да мүлде жағдай қарастырылмаған. Отыратын бірде-бір орындық таппайсыз.

Ұшақпен ұшатын адамның қалтасы қалың болады дейді ме, әуежай асханалары мен буфеттеріндегі баға удай қымбат. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өз балансында тұрған әуежай асханаларындағы бағаны, жалпы мұндағы жағдайды бақылай ма екен?

Сондай-ақ, қазіргі уақытта әуежай жанынан жаңа терминалдың құрылысы жүріп жатыр. Нысанға тапсырыс беруші «SCAT әуекомпаниясы» АҚ-ы, бас мердігер «АльянсКонтракт-Курылыс» ЖШС-і болып табылады. 2019 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары жоспар бойынша осы жылдың аяғында бітуі тиіс. Алайда, су жаңа терминалдың бүгінгі келбетіне қарап айналдырған екі айда құрылысы бітеді дегенге сену өте қиын. Әрине уақтылы бітіп, халық игілігіне тезірек берілсе қуанамыз ғой. Алайда...

Әуежайдағы мәселелерді аталған басқарма мамандары шешпесе, қала әкімі Мұрат Әйтеновтен қайран жоқ. Әкімдер келеді, кетеді. Шымкентте қалатын сіз бен біз, құрметті басқарма мамандары. Ұшақпен ұшып кетсек те, сіз бен біз әрдайым Шымкентке қайта ораламыз. Ал, әкім...  бір ұшқанда... кеткен жағында қалып қоюы бек мүмкін. Соған дейін ол кісіні мазаламайық... Жолды қопарсын, қолынан келсе тауды қопарсын...  Әйтеуір аман болсын!

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...

Жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 508,3...