Шымкент – еліміздегі ірі үш қалаларының бірі. Көлемі де үлкен, халқы да көп. Алайда, үшінші мегаполисте көңіл көншімейтін, «әттең-ай, осылай болғанда дұрыс болар еді» дегізетін жағдайлар жиі кездеседі. Соның бірі – қаладағы ономастика комиссиясының жұмысына қатысты.
Бір кездері туған-туысқанының, ата-бабасының атын атақ-даңқына, елге сіңірген еңбегіне қарамастан көше атауына айналдыру науқаны белең алған болатын. Алайда, мұны ескерген билік бірнеше жыл бұрын көше атауына адам атын беруе тыйым салып тастады. Бірақ, бұлай болды екен деп, Шымкенттегі көшелерге «Киікоты», «Алмалы», «Шабдалы», «Мақталы» деген атауларды беру қаншалықты дұрыс? Қазақтың маңдайына біткен, тарихта аты қалған тұлғалар көп емес пе? Сол тарихи тұлғаларды сараптап, салыстырып, жолдардың ұзындығы мен атақ-даңқын сәйкестендіріп, көше атауына берсе болмас па еді?
Мәселен, білдей бір мегаполистен үш жүздің басын қосқан Абылай хан атындағы даңғылды таппайсыз. Картаға жазсаңыз қаланың бір шетіндегі кішігірім көшені солай атағанын көзіңіз шалады. Көзінің шалады да жүрегіңіз ауырады. Абылай ханды айтамыз-ау, қазақтың тұңғыш ханы Керей мен Жәнібектің атындағы көшені кездестіру қиынның қиыны. Қаладағы бір көшеге аты берілмеген мұндай қазақтың тұлғалары жетерлік. Республикалық маңызы бар қала үшін Шәкәрім атындағы көшенің болмауы тіптен ұят. Шәкәрімге көше беріп, ескерткішін тұрғызу үшін оның мерейтойын күтуіміз керек пе? Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында ұрпағымыздың өз тамырынан ажырамауы керектігі айтылған-ды. Алайда, бүгінгі ұрпақ ажырамақ түгілі өзінің түп тамырын танудан қала бастады. Шөптің де, шөмеленің де атын қойып жатқан көшелерге осындай тұлғалардың атын беруге не кедергі?!
Мәселен, Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты бұрынғы Ш.Уәлиханов көшесінің атауы «Қызылқайың» болып өзгертілгенге ұқсайды. Осы көшенің бұрынғы атауы кімге ұнамай қалғаны бізге беймәлім. Әлде осы көше тұрғындары «көшеміздің атын Қызылқайың деп өзгертпесеңдер, аштық жариялаймыз» деп әкімшіліктің алдына жатып алды ма екен?!
Осы орайда қалалық мәдениет басқармасына қарасты ономастика мәселесімен айналысатындар не қарап жүр екен деген заңды сұрақ туындайды. Расында, не қарап, не бітіріп жүр? Олар өз міндеті болып саналатын көшеге атау беру кезінде тұрғындармен ақылдаса ма? Ақылдасса көшеге шөп пен жемістің атын беруге тұрғындар қалай келісті?
Тағы бір айта кететін жәйт, Шымкенттегі көшелерге атау берумен ономастика бөлімі айналысса, үйлердің мекенжайын анықтап, нөмір беру жұмысын архитектура басқармасы атқарады. Ал, нөмір белгіленген тақтайшаларды орнату қай мекеменің құзырына кіретіндігін біз біле алмадық.
Есімі алтын әріптермен жазылуы тиіс тұлғалардың атын бір тақтайшаға жаза алмасақ, елдігімізге сын болмай ма?