Түркістан облысы құрылғалы бері өңірде өзгеріс көп. Әсіресе құрылыс саласында. Аудан, қалалардың әрі кіріп, облыс орталығы түлеуде. Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауларында. Тіпті ҚР Премьер-министрі Асқар Маминның өзі рухани астанаға жиі-жиі ат басын бұрып, барлық жұмысты назарда ұстап келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының да сүбелі еңбегін атап өткендігіміз жөн. Осы орайда, өңірдегі құрылыс саласының «қара жұмысын» атқарып жүрген Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевті айтпай кету әділетсіздік болар. Т. Үсіпәлиев көптің көзіне түскеннен гөрі нақты іспен айналысқанды жөн көреді. БАҚ беттерінен өте сирек бой көрсететіні де сондықтан болар. Бұған дейін Тоқтар Үсіпәлиев 2016-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Ел арасында Тоқтар Оразұлын құрылыс саласының мықты кадры ғана емес бюджетті игерудің де білікті маманы деп айтады.
Мәселен, 2016 жылы Үсіпәлиев ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып тұрған кезде өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 211,9 млрд. теңгені құраған және 529,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 19%-ға артқан. Ал, 2017 жылы облыс аумағында 209 әлеуметтік нысан құрылысы бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылуына 64,9 млрд.теңге, «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 32 мектеп құрылысын жүргізуге 17,4 млрд.теңге бөлінген. Одан бөлек, барлық қаржыландыру көздері арқылы 226 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, Тоқтар Үсіпәлиев облыс әкімін ғана емес тұрғындарды да қуанышқа бөлеген болатын.
Сондай-ақ, 2018 жылы Түркістан облысындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 139,1 млрд.теңгені құраған. Бұл кезде Т. Үсіпәлиев облыстық құрылыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған болатын. Сонымен қатар, 2019 жылы Түркістанда облыс әкімдігінің, келу орталығының, Неке сарайының, Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараттары, Амфитеатр, Әуенді фонтан, Музыка мектебі, Олимпиада резерві мектебі мен Шығыс моншасы салынды. Одан бөлек, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтарында 15 мәдени-әлеуметтік нысан, Спорт сарайы, 7000 орынға шақталған стадион, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық офис пен аттракциондары бар саябақтың, Рухани-мәдени орталықта Қ. А. Яссауи кесенесі, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнершілер орталығы, ғылыми-әмбебап кітапхана, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы мен Арбат сынды нысандардың құрылысы жүргізілді. Биылдың өзінде қаншама құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Осы жылдың ақпан айындағы дерекке сүйенсек облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 182,1 млрд. теңгені құраған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 129,1%-ға артық.
«Сандар сөйлейді» демекші, Тоқтар Үсіпәлиев құрылыс басқармасының басшылығында отырғанда мол қаржы игеріліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырмыз. «Ақшаны дұрыс игере алмайсыңдар!» деген әкімдердің қарамағындағы қызметкерлеріне шүйлігіп отыратынын жиі көзіміз шалады. Алайда, мұндай әңгіме Тоқтар Оразұлын айналып өтсе керек. Себебі, басқа шенеуніктер ақшаны бір игерсе Тоқаңдай-ақ игерсін. Тоқтар Оразұлы қазіргі лауазымында ұзақ отырса, әлі талай қаржы игеріліп, нәтижелі жұмыс істейтініне сеніміміз мол.