Нығматулин Райымқұлованы сұрақтың астына алды

Нығматулин Райымқұлованы сұрақтың астына алды

Еліміздегі 98 кәсіби спорт клубына жыл сайын жергілікті бюджеттен 55,5 млрд теңге қаражат бөлінеді. Алайда, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бөлінетін қаражат мөлшері бұдан көп деп есептейді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжатты таныстырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова депутат сауалына нақты жауап бермегендіктен, Нұрлан Нығматулин министрді сұрақтың астына алды. Бұл туралы  Azattyq Rýhy жазды.

Бұл құжат бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорт секцияларын қолжетімді ету және жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін өзгерту сияқты мәселелерді реттеуді көздейді. Заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Ольга Шишигина (Олимпиада чемпионы – авт.) Ақтоты Райымқұловаға кәсіби спорт клубтарына бөлінетін қаржы көлемі туралы сұрақ қойды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын қамтуға кететін қаражатты қысқарту керек деген еді. Осы тапсырманы орындау үшін министрлік не істеді?», - деп сауал жолдады Шишигина.

Ақтоты Райымқұлова жауабында қазір кәсіби спорт клубтары жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен жұмыс істеп тұрғанын айтты.  

«Біздің министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге анализ жасады. Жалпы, елімізде 98 кәсіби спорт клубы бар. Олар жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржыландырады. Кейбірі демеушілерден ақша алады, яғни, ұлттық компаниялар мен жеке кәсіпкерлер ақша бөледі. Анализ жасап, кәсіби спорт клубтарын ұстауға кететін қаражат деңгейін төмендетуді ұсынып отырмыз. Ойнайтын да, ойнамайтын да клубтар бірыңғай тарифтік сеткаға көшсін деп отырмыз. Сонымен қатар, спортшылар мен жаттықтырушылардың, клубта жұмыс істейтін өзге де қызметкерлердің жалақысы бойынша бірыңғай тариф бекітуді ұсындық. Қазір 98 кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға жыл сайын 55,5 млрд теңге қаражат кетеді», - деп жауап бере бастады министр. 

Алайда, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин министр келтірген цифрға күмәнмен қарап, кәсіби спорт клубтарының бір жылғы бюджетін жасырмай айтуын сұрады. Жыл сайын спортты дамытуға 160 млрд теңге бөлінеді, соның ішінде кәсіби спорт клубтарына 55,5 млрд теңге қарастырылғанын айтқан министрдің сөзін бөліп: 

«Тоқтаңыз, сіз жаңа қаржы жергілікті атқарушы органдар мен демеушілерден келеді дедіңіз. «Демеуші» деп отырғаныңыз - квазимемлекеттік сектордағы компаниялар. Олай болса, олар бөлетін ақша мемлекеттікі. Сіздер квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ақшасын «демеуші» деген сөзге астарлап қойдыңыздар. Олардың да қаражатын ашық айту керек», - деді спикер.

Ақтоты Райымқұлова жергілікті атқарушы органдардан 55,5 млрд теңге, «Астана» спорт клубына «Самұрық-Қазынадан» қосымша 27 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.

«Біз Үкіметке осы қаражатты екі есеге азайтып, қысқарған 22,5 млрд теңгені бұқаралық спортты дамытуға жұмсайық деген ұсыныспен шықтық. Ұсынысты Үкіметке енгіздік», - деп жауап берді министр.

Айта кетейік, егер Үкімет осы ұсынысқа қатысты оң шешім шығарса, онда әкімдер 98 клубты ұстауға кететін қаражатты 2 есеге қысқартуға міндетті болады.

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...