Кім кімнен кем өмір сүргісі келеді дейсің?! Мынау шар тәрізді дөңгеленген дүниеге пенде болып келген соң, жақсы өмір сүруге ұмтыларың анық қой. Әркім жетістікке әртүрлі жолмен жетеді. Біреу тыраштанып еңбек етеді, біреу бойындағы талантын пайдаланып танымал бола салады. Ал, біреулер...
Қазақта «қатын алма, қайын ал» деген сөз бар. Осы мәтелге сүйеніп, отбасын құрғандардың, мықты қайын жұртқа күйеу бала болып тұрғандардың бірнешеуін айтқанды жөн санап отырмыз.
Бұл тізімді жасар кезде ойымызға ең алғаш елдегі белді шенеуніктердің бірі - Бейбіт Атамқұловтың оралғанын жасыра алмаймыз. Бекең Малайзиядағы Қазақстан елшісі бола жүріп, сол жақтан туыс тауып алғанда, нағыз қазақтығына көз жеткізгенбіз. Ұлы Диас Атамқұловты Малайзия Премьер-министрінің туыс қарындасы Алия Дженейдке үйлендіріп, құда болды. Сөйткен Диасымыз қазір Алматыдағы белді компанияның бастығы. Ол компаниялардың негізін қалаушыларды іздеп қараған едік, Диастың қайын атасы мен қайын енесіне барып тірелдік.
Бейбіт Атамқұловтың ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болғаны белгілі. Сол министрліктің тізгінін ұстаған тағы бір шенеунік Асқар Жұмағалиевтің де Қайрат Мәмидің «сүйікті күйеу баласы» екенін жұрт біледі. Қазір Жұмағалиев Нидерланды еліндегі Қазақстан елшісі орынтағында отыр. Күйеу баласын пайғамбардың өзі сыйлаған емес пе?! Қазақилықтан танып көрмеген, пендешілікке басын салып көрмеген Қайрекеңнің де күйеу баласын сыйлауы заңдылық деп білеміз.
Ел ауызында Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың туған әпкесіне үйленген деген сөз бар. Бұл сөздің рас-өтірігінің ара-жігін ажырату әзірге мүмкін болмай тұр. Оны кейін біле жатармыз...
Ал, отызында орда бұзуға ниетті Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановтың шаһардағы белді шенеуніктің күйеу баласы екенін, халықтан жасырғанымызбен, Құдайдан жасыра алмаймыз. Құқық саласында беделі бес атанға жүк болатын прокурордың қызымен шаңырақ құрған Әсет бауырымызды бұдан да үлкен қызметтерден көргіміз-ақ келеді.
Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деген ғой. Текті әулеттен қыз алған, басына қонған бақыт құсын аялап жүрген осындай күйеу балалардың талғамынан айналып кетесің ғой шіркін...