Күлмеген сізге кім қалды, «Nur Otan»?

Күлмеген сізге кім қалды, «Nur Otan»?

Кез келген партияның абырой-беделін оның бағдарламасы, тұрғындардың проблемаларына қаншалықты сергек қарайтындығы, қарапайым халыққа қаншалықты жақындығы анықтайды. Сосынғы кезекте партия лидерінің саяси салмағы да маңызды рөл атқарады. Бағдарламасы қанша жерден керемет болса да, қанша жерден ел ішінде орын алып жататын түрлі жағдайларға сергек қараса да, лидері популист біреу болса, ол партияға ешкім сенбейді де, артынан ермейді де.

Енді үш-төрт күннен соң Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы мәреге жетеді. Қазір алты партия тұлпарларын таң асырып жатыр. Бабы мен бағы қатар жанғандары мәре сызығын бірінші қияры анық. Күлбілтелейтін ештеңесі жоқ, қазірдің өзінде бәйгеге алдына қара салмай келетін партияның қай партия екендігі белгілі. Ол еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. «Бәйгеден бірінші болып «Ауыл» келеді, «Ақ жол» келеді, жоқ, «Адал» келеді деп ешкімді күлдірмей-ақ қояйық. Қалған бес партияның бәрі екінші орын үшін күреседі.

«Nur Otan» барлық жағынан мықты болып тұр. Бағдарламасының өміршеңдігіне де ешкім дау айта алмайды. Ел болған соң, көпшілік болған соң әлеуметтік проблемалар орын алмай тұрмайды. Қай жерде проблема бұрқ ете қалады, сол жерден «Nur Otan» табыла кетеді. Сергектігіне ешкім дау айта алмайды. Ал, лидерінің беделі дегеніңіз ауылішілік қалыпқа симайды, оны бүгінде төрткүл әлем түгел таниды, құрмет тұтады, бүкіл түркі елдері бейресми түрде оны ақсақалымыз деп таниды. Күллі түркі мемлекеттерінің бәрінің президенттері бар, бірақ, олардың бірде-бірі Нұрсұлтан Әбішұлының беделімен белдесе алмайды. Ол құрған партияны әжуалай алмайды, партияны әжуалаған оның лидерін әжуалаған деп түсінеді. Және «Nur Otan»-ның мүшелері партияның абырой-беделін аяқасты етпеу үшін білгендерін істей алмайды деп сенеді. Қалаңыз, қаламаңыз, бұл – ақиқи шындық.

Бұл «Nur Otan» партиясы мен оның лидерінің дүниежүзілік деңгейдегі абырой-беделі, салмағы, керек десеңіз сұсы! Бұдан шығатын қорытынды, «Nur Otan»-ның беделіне сырттан келер қауіп жоқ. «Nur Otan»-ның беделіне бірде-бір оппоненті селкеу түсіре алмайды, селкеуді бір түсірсе, өз мүшелері түсіруі мүмкін... Иә-иә, өз мүшелері...

Жаңа жылдың алдында ғана белгілі шымкенттік журналистер Дәурен Әбдіраманов пен Тұтқабай Фазылбек Фейсбуктегі өз парақшаларына бір қызық жайтты жариялады. Қос журналистің айтуынша, Түркістан облыстық мәслихатына депутаттыққа «Nur Otan»-ның квотасымен бара жатқан тағы бір әріптесіміз Ғалымжан Елшібай мырза мұның алдындағы сайлауда «Күлсең, «Нұр Отанға» күл» деген мақала жазып, Нұрсұлтан Назарбаев құрған партияны тілі жеткенше әжуалаған. Ал, осы сайлауда «Nur Otan»-ның сапына кіріп алып, өзі күлген партияның квотасымен облыстық мәслихаттың мандатын иелену үшін күресіп жатыр. Өкінішке қарай, партияның Түркістан облысындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мырза «партияға да, оны құрған Назарбаевқа да осы керек!» дегендей, журналистердің бұл дабылына жауап та берген жоқ. Бұдан «Адалдың» немесе «Ақжолдың» әйтпесе «Ауылдың» беделі құлдырамайды, құлдыраса сол «Nur Otan»-ның өз беделі құлдырайды да!

Осыдан бір-екі күн ғана бұрын шымкенттік танымал блогер Олжас Мамыр Фейсбуктағы өз парақшасында Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына өту үшін партия квотасын иеленген Нұрпейіс Анарбековті ұзынқұлақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің туған жездесі деп жүргенін жазды. Олжас бауырымыз онымен де тоқтаған жоқ, тағы бір квота иегері Бахыт Қыдырбаевқа «сізді Әйтеновпен не байланыстырып тұр?» деген сауал тастады.

Олжас Мамырдың постында сөз болған Мұрат Әйтенов «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы. Ол кісі өзі мүше болып табылатын партияны сыйласа, оның әлем мойындаған лидерін сыйласа, осынау әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасатындығына бір жауабын берер еді. Жауап берілген жоқ. Жауап берілмеген жерде әлеуметтік желі қолданушыларының Олжас Мамырдың постын шындық ретінде қабылдауларына толықтай моральдық құқы бар. Ал, Нұрпейіс Анарбеков мырза расымен-ақ Әйтенов әкімнің жездесі болса, Бахыт Қыдырбаевпен де туыстық қатысы болса, онда мына ел «біздің сеніп жүрген партиямыздың сиқы осы ма?» демей ме?! Бүкіл ел сосын Әйтеновке қана емес, «Nur Otan»-ға да күлмей ме?! Сонда «Nur Otan»-ға күлмеген кім қалады?

Көрдіңіздер ғой, «Nur Otan»-ның беделін сырт жұрт та, ел ішіндегі оппоненттері де түсіре алмайды, түсірсе өз мүшелері, партияның жер-жердегі кейбір басшы-қосшылары түсіреді. Солай болған күннің өзінде де бұл сайлауда «Nur Otan»-ның бәйгеден бірінші келетініне сенейік. Ал, жалпы ел арасындағы абырой-беделі үшін қалай күреседі, оны партия басшылары мен мүшелерінің өздері шешер.

 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер...

Жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 508,3...