Шымкентситиде тағы да шу шықты. Шағынауданның аумағында техникалық қауіпсіздік талаптары сақталмаған құрылыс жұмыстарының жүріп жатқандығына тұрғындар наразы. Көріп отырғанымыздай, ешқандай қоршаусыз, нысанның төлқұжаты қойылмастан құрылыс басталып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік бұл жерге аллея салып береміз деген екен. Алайда, аллеяда серуендейміз деген тұрғындардың арманының күлі көкке ұшты. Шымситиліктердің сөзіне сенсек, бұл жерді жеке кәсіпкер сатып алып, тұрғын үйдің құрылысын бастап кеткен. Құрылыстың жедел, асығыс жүріп жатқанына қарағанда мұнда бір шикілік бар дейді тұрғындар.
Құрылыс жұмыстарының қауіпсіздігі де көңілге кірбің ұялатады. Балалардың ойын алаңшасының дәл қасынан қауіпсіздік талаптары сақталмаған құрылыс жұмыстарын жүргізуге кім рұқсат берді? Шымкент қаласының әкімі үшін тұрғындардың өмірі «бес тиын» болғаны ма? Әжетхана салынса да, қауіпсіздік талаптары сақталынуы керек! Сонда үлкен құрылыс жұмыстары Шымкентте осылай жүргізіле ме? Осынау үлкен құрылыс жұмыстарынан қала әкімі Әйтеновтің бейхабар екендігіне сенбейміз. Әлде М. Әйтенов халықтың басын бәйгеге тігіп отыр ма? Жазатайым оқиға орын алса, Мұрат Дүйсенбекұлы жауапкершілікті өз мойнына ала ма?
Жергілікті тұрғындар бұл жерден тұрғын үйдің салынуына наразы. Олар бұл жерге бастапқы жоспардағыдай саябақ немесе аллея салып беруді талап етіп отыр. Алайда, шымкенттіктердің бұл жан айқайы жергілікті билікке жетер емес. Міне, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Шымкентте осылай жүзеге асуда...