Бұл жөнінде Шымкент Сити мөлтекауданының тұрғындары айтуда.
Күні кеше әлеуметтік желі белсендісі Ерболат Айнабеков өз парақшасында «...Шымситидегі күмәнді құрылыс туралы бірқатар әлеуметтік желі белсенділері бөліскен-ді. Сол шағынауданның тұрғыны ретінде мен де бей-жай қарай алмадым. Көршілерім өтініш айтқан соң, мәселенің анық-қанығын білмек мақсатта Шымкент қалалық мемлекеттік сәулет және құрылыс сапасын бақылау басқармасы (ГАСК) басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаевқа қоңыраулатқан едік. Ол кісі де сондай қоңырауды күтіп отырды ма, маған сөз бермей, құрылыстың барлығы заң аясында жүзеге асып жатқанын айтқан. Ал айналасындағы ограждение мәселесін құрылысшыларға ескерткенін, бүгін-ертең қоршау тұратынын жеткізді. Көршілерімнен енді ойнап жүрген балаларына алаңдамаса да болатынын айтып, сүйінші сұрап қойған едім» деп жазған болатын.
Әлеуметтік желі белсендісі араға бір күн салып Ғалымжан Өтенбаевқа қоңырау соққанында Өтенбаев құрылысты қандай компания жүргізіп жатқандығынан тіптен бейхабар екендігін айтып, арыз түспесе «бес қойың бір тиын» деген сыңай танытқан көрінеді.
«...(Өтенбаев)Кешегі сөзінен тайқып, мердігер компанияның атын айтпады. Сонда көлденең көк атты келіп, осыншама ат шаптырым аумақты рұқсатсыз қазып тастап, ойран-топанын шығаратындай Шымкент иесіз қалған ба? Мұрат Әйтеновтің көзі тірі ме, қалада бар ма?... Біздің, Шымсити тұрғындарының тілеуі енді бір Құдайда. Осы құрылыс барысында ешқандай жазатайым оқиғаның болмауын күндіз-түні тілейді. Дұғасының арасында Шымкентке «іскер әкім» жіберуін сұрайтындар да жоқ емес. Олар Әйтеновтен үмітін әлдеқашан үзіп қойды» деп жазды Ерболат Айнабеков.
Жазбаға жазылған пікірлерден де халықтың қала басшысына өкпесі қара қазандай екенін байқадық.
«Құрылыста қауіпсіздік басты назарда болуы керек емес пе? Алайда мынаған зер салсақ бірнеше метрлік шұңқырды қазып тастап қаланың қақ ортасында құрылыс жүргізіп жатыр. Жазатайым оқиға болса кім жауап береді. Әлде Шымситиде тұратындардың балалары көп деп құлақ аспай отыр ма? Неше күн болды белсенділер әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Басшылықтықтағылар естісе де қол қусырып ештеңе жасамай отыр. Қанша жерден заңды құрылыс болсада сақтық талаптары қатаң сақталу керек. Бүкіл шымкенттіктердің шырылы бей жай қалмаса екен» деген пікірлер жазылыпты
Сондай-ақ, Шымкент Сити тұрғыны өз жазбасының соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан Шымкентке жаны ашитын әкім жіберуін сұраған.