Президент тапсырмасынан депутаттың «абыройы» артық па?

Президент тапсырмасынан депутаттың «абыройы» артық па?

Өткен аптада Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бақыт Қыдырбаев құрылыс нысанын «бейресми» тексергені жөнінде жергілікті кәсіпкер Бекнұр Батырбекұлы редакциямызға шағымданған болатын.

Кеше аталған депутаттың мәселесін «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық филиалы қарады. Партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясы Қыдырбаевқа «депутат этикасына сай келмейтіндігі» жөнінде ескерту жасапты. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Заңғар Үсіпахметов хабарлады.

Ал, комиссия Қыдырбаевтың әкімдік өкілдерімен келіп, кәсіпкер нысанын «бейресми» тексеруінен ешқандай заңсыздық таппапты.

Бір қызығы Б. Қыдырбаев өзінің бұл әрекетін Instagram парақшасына азаматтық және депутаттық міндеті екендігін жазған.

4 ақпан күні Бекнұр Батырбекұлы басқаратын мекеме жатақхана құрылысын жүргізіп жатқанда жолды ластайды. Алайда, кәсіпкер артынша көшені тап-таза етіп жуғызады. Араға бір күн салып, яғни 5 ақпанда Бақыт Қыдырбаев қасына әкімдік өкілдерін ерте келіп, аталмыш құрылыс нысанына кірмек болады. Кәсіпкердің айтуынша, депутаттың бұл әрекеті бейнекамераға да түсіп қалған. Депутат Қыдырбаевтың бұл әрекеті «тырнақ астынан кір іздеу» емес пе? Шымкенттің көркеюіне орасан зор үлес қосып жатқан кәсіпкерді тексеріп барған Қыдырбаевтың өзі қаланың дамуына қандай үлес қосты екен?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялаған болатын. Елімізде шағын және орта бизнестің көркеюі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да назарында.

Сонда «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалына Президенттің тапсырмасынан гөрі Қыдырбаевтың «абыройы» артық болды ма? Әлде Әйтеновтің «алтын тізімімен» өткен Қыдырбаев партияның квотасы дегенді басқаша түсініп жүр ме?

 «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы неліктен Қыдырбаевқа кеше ең қатаң шара қолданып, мандатынан айырып, өзге «ерке» депутаттарға сабақ көрсетпеді деген сұрақ мазалайды.

Әр депутат кәсіпкерлерді осылай тексере берсе не болмақ?

Міне, Шымкентте Президент тапсырмасы осылай «орындалуда».

Айта кетейік, «неліктен қолыңызды қалтаңызға салып, халықтың алдында шірендіңіз?» деген сұраққа Қыдырбаев «белімде грыжа бар» деп жауап беріпті...

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...