Әділет министрлігі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарын ұсынды

Әділет министрлігі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарын ұсынды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды. Құжатты Мемлекет басшысының, Үкімет басшылығының тапсырмалары, стратегиялық құжаттар, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Әділет министрлігі дайындады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Әділет министрі Азамат Есқараев Жоспар жобасымен 2025 жылы денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, баламалы энергетиканы, телекоммуникация нарығын дамыту және басқа да өзекті бағыттар бойынша 19 заң жобасын әзірлеу көзделгенін баяндады. Жоспарланған 19 заң жобасының 6-уы жаңа редакциядағы заң жобалары, 13-і қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуді көздейді.

Жоспар жобасы Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Банктер туралы жаңа заңды және осы саланың экономикалық белсенділігін ынталандырудың және одан әрі серпінді дамуының өзекті міндеттеріне жауап беретін ілеспе заң жобасын әзірлеуді көздейді.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың кез келген түрлерімен күресудің инновациялық және цифрлық әдістерін дамыту және олардың алдын алу, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесін жеңілдету мақсатында жоспар жобасында «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын жаңа редакцияда және оған ілеспе заң жобасын әзірлеу көзделген.

Бұдан басқа, жоспар жобасында келесі жылы бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелерін ескере отырып, базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін, сондай-ақ осы саланы дамыту мақсатында телекоммуникациялар мен деректерді өңдеу орталықтары мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу көзделген.

Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындау шеңберінде жоспар жобасымен сайлау заңнаманы жетілдіруге және баламалы энергия көздері саласын дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр. 

Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жоспар жобасында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң жобасын жаңа редакцияда және оған ілеспе заң жобасын әзірлеу көзделген.

Әділем министрінің айтуынша, Заң жобасы сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген, түпкілікті нәтижеге бағдарланған, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін пайдалана отырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді көздейтін мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыруға бағытталған.

Бұдан басқа, жоспар жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жыл сайынғы негізде әзірленетін заң жобаларын көздейді.

Осылайша, жоспар жобасы мемлекеттік реттеудің өзекті міндеттерін шешу үшін қажетті заң жобаларын қамтиды және мемлекет дамуының саяси бағытымен сәйкес келеді.

«Жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. “Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес жоспар жобасы Мемлекет басшысымен келісілуі тиіс. Жоспар жобасын Президент Әкімшілігіне жіберу ұсынылады», — деп атап өтті Азамат Есқараев. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...