Алматыда мегаполистегі қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жөніндегі ірі оператор – «Ақ Тәртіп» ЖШС кәсіпорнына 50 бірлік заманауи арнайы техниканы беру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі, Алматы қаласының әкімі, «Жасыл даму» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басшылығы, сондай-ақ бизнес және жұртшылық өкілдері қатысты.
Берілген техника кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сатып алынды. Жобаның жалпы сомасы 3,3 млрд теңгені құрады. Қаржыландыру «Жасыл даму» АҚ арқылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жылдық 3% - бен 7 жылға дейін несие түрінде берілді.
«Бұл жоба кәдеге жарату алымының ел экономикасына қайта оралуының және бизнеске экологиялық маңызды бастамаларды енгізуге көмектесуінің жарқын мысалы болып табылады. Бұл жай ғана техника емес, бұл Алматыдағы және басқа өңірлердегі экологиялық жағдайды жүйелі түрде жақсартуға жасалған қадам. Біз бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, бүкіл ел бойынша осындай жобалардың географиясы мен ауқымын кеңейтетін боламыз», - деп, Экология министрі Е.Нысанбаев атап өтті.
Берілген парктің негізін Қазақстанда Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында өндірілген JAC N200 базасында краноманипуляторлық қондырғысы бар қоқыс тасығыштар құрады. Машиналар Еуро-5 экологиялық стандартты дизельді қозғалтқыштармен, 12 текше метрлік артқы жүктеу жүйесімен, түрік өндірісінің гидравликасымен және 6,3 метрге дейін жететін кран-манипулятормен жабдықталған, оның ішінде көмілген контейнерлерге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Өндіруші өкілдері атап өткендей, бұл жай ғана арнайы техника емес, біздің қалаларымыздың экологиялық болашағына қосқан үлесі және отандық машина жасауды айтарлықтай қолдау.
«Алматыда күн сайын 1 500 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Ол үшін 283 арнайы техника жұмылдырылған. Паркті жаңа машиналармен жаңарту әкетудің тиімділігін арттыруға және қолданыстағы техникаға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи жүйесін құрудағы және қала дәйекті түрде ұмтылатын Жасыл экономика қағидаттарын іске асырудағы маңызды қадам» - деп, қала әкімі Д.Сатыбалды атап өтті.
«Ақ Тәртіп» компаниясы күн сайын 1 миллионнан астам Алматы тұрғынына, 14 000 заңды тұлғаға, 1 400-ге жуық контейнерлік алаңға қызмет көрсетеді, сондай-ақ 230-дан астам техниканың көмегімен және 400 желілік қызметкердің күшімен ҚТҚ шығаруды қамтамасыз етеді. Жаңа қоқыс таситын көліктер автопаркті айтарлықтай жаңартуға және қалдықтарды шығару сапасы мен уақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру 50-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашады және диспетчерлік жүйенің тиімділігін арттырады.
Бұл жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы шеңберінде іске асырылуда және бүкіл ел бойынша қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 63 жобаның қатарына кіреді.