Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы және Қазақстан полициясы күніне орай, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің «Жеңіс жалауы» спектаклінің тұсаукесері өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған туынды Ұлы Отан соғысының қаһарман батыры, Рейхстагқа Жеңіс алғаш туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне негізделген. Сонымен бірге сахнада тұңғыш рет еліміздің күш құрылымдары арасында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі театрлық тобының әртістері өнер көрсеткенін ерекше атап өткен жөн.
Спектакль тұсаукесеріне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ішкі істер министрінің басшылық құрамы, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Парламент депутаттары мен ардагер генералдар, өнер және мәдениет қайраткерлері, әскерилер, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнер ұжымын әскери театрдың ашылуы және қойылымның тұсаукесерімен құттықтады.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов айтқандай, қойылымды қоюдағы мақсат – ел халқы мен өскелең ұрпаққа Рақымжан бастаған қазақ жастарының Ұлы жеңісті жақындатуға қосқан үлесін, олардың майдан даласындағы ерлігін әспеттеу болып табылатынын жеткізді. Сонымен қатар Руслан Фатихұлы ансамбль құрамындағы театр тобы Ішкі істер министрінің қолдауымен ашылғанын, оны құру барысында ресейлік әскер театрының тәжірибесі зерттелгенін айтты. Әскери театрды ашудағы мақсат – погон таққан әртістердің өнері арқылы өскелең ұрпақты патриотизмге баулу, сондай-ақ әскери қызметті насихаттау болып табылады.
Айтып өту керек, спектакль Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің театрландырылған тұңғыш қойылымы болды. Әскери драма жанрындағы қойылымның авторы Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері Дәурен Серғазин, қоюшы суретшісі Ерлан Тұяқов, Ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі майор Дархан Рахымғалиев.
Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі бүгінгі таңда мемлекетіміздің орталық залдарында Гала-концерт беретін бірегей әскери-музыкалық ұжым. Ансамбль музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери-патриоттық әндер еліміздегі барлық патриоттық шаралардың келбетіне айналды. Әскери тақырыпқа байланысты бірде-бір концерт ұландық өнерпаздардың қатысуынсыз өтпейді.
Ансамбль құрамында ерлер хоры, вокалшылар және бишілер тобы, биг-бэнд, фольклорлық топ және концерттік оркестр бар. Ал, биылдан бастап олардың қатарына әскери театр тобы қосылып отыр.