Шымкент қаласында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізілді. Бұл айлық тұрғын үй секторларындағы қауіпсіздікті күшейтуге және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Іс-шара барысында үш негізгі кезең бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Қала аумағында есепке алынған 2222 әлеуметтік жағдайы төмен отбасының барлығына үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 8 мыңнан астам тұрғынға қол қою арқылы қауіпсіздік жадынамалары таратылды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – осал топтардың жылыту маусымы кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың ақпараттық деңгейін арттыру.
Қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газ баллондарын қолданатын 22 жатақханаға толығымен тексеру жүргізілді.
Одан бөлек, 13 мыңнан астам қатты отынмен жылытылатын тұрғын үй тексеріліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау жасалды. Пеш мұржаларын тазарту, ақаулы құрылғыларды ауыстыру және қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Маусымның басынан бері 54 мыңнан астам адам қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратпен қамтылып, әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінді.
Әлеуметтік желілерде 200-ден астам пост жарияланып, тұрғындарға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында 123 материал жарық көрді, оның ішінде: 37 газет мақаласы, 23 телехабар, 63 радио хабарлама.
Қаланың шағын аудандарында 185 рет дауыс зорайтқышпен түсіндірме хабарламалар жасалды.
• 25 848 тұрғын үй араланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
• 68 интерактивті сабақ өткізіліп, 2 000-нан астам оқушы қауіпсіздік негіздерін меңгерді.
• Қоғамдық орындар мен шағын аудандарда 82 жиын ұйымдастырылып, оған 3 мыңға жуық адам қатысты.
Қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен газдандыру жүргізілмеген тұрғын үйлерге ерекше көңіл бөлінді:
• 136 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылды, бұл улы газдың әсерін анықтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
• 193 үйдің түтін мұржалары тазаланды, бұл пешті дұрыс қолдану арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шара.