Түркістан облысында АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыстық «АИТВ-ның алдын алу және онымен күресу орталығының» мамандары өңір тұрғындарымен түрлі кездесулер мен акциялар ұйымдастырып, жұқпалы аурудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Бұл жайында Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Бақытжан Жүзжасаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
«Облыс аумағында 2024 жылдың он айында 10 акция, 2 спорттық шара, 15 ашық есік күні өтті. Сонымен қатар, білім беру мекемелері мен мемлекеттік қызмет көрсету орындарында 25 семинар-тренинг, мединициналық мекемелер және әлеуметтік маңызы бар орындарда 3 дөңгелек үстел ұйымдастырылды»- деді орталық басшысы.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыста инфекция жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Жыл басынан бері өңірде АИТВ инфекциясына шалдыққан 96 жағдай тіркелген. Оның ішінде 4 азамат шетелдік. Орталық басшысының орынбасары Дәурен Рыскелдиев өткен жылдың 10 айында жұқпалы ауруға шалдыққан 107 жағдай анықталғанын жеткізді.