Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан өңіріндегі білім саласы мамандарымен кездесті

Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан өңіріндегі білім саласы мамандарымен кездесті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі білім беру нысандарының жұмысымен танысып, Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Аймақ басшысы Ермек Көшербаевпен бірге сала өкілдерінің қатысуымен бірқатар кеңес өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Вице-премьер жұмыс сапары аясында 1,2 мыңнан аса студент оқитын Өскемен жоғары политехникалық колледжіне барды. Колледж электроэнергетика, техникалық ғылымдар және ІТ бағыттары бойынша маман дайындайды. Колледж студенттері оқуға қабылданғаннан бастап, түлек боп шыққанға дейінгі барлық кезеңді қамтитын оқу үрерісін басқаруға арналған ақпараттық жүйе әзірледі. Тамара Дүйсенова бұл бастамаға жоғары баға берді.

Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын, оның аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қарастырылған. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысындағы колледж директорларымен өткен кеңесте бастамаларды жүзеге асыру жөнінде пікірлер ортаға салынды. Қазір өңірде 38 колледж жұмыс істейді.

«Колледждердің басты міндеті – ең алдымен өңір экономикасының жамуына елеулі үлес қоса алатын білікті мамандар дайындау. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің білім сапасы мен беделін арттыру үшін салаға халықаралық стандарттарды енгізу қажет. Елімізде қазірдің өзінде елімізде бұл бағытта табысты жұмыс істеп жатқан оқу орындары бар», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Сапар барысында вице-премьер Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жұмысымен танысты. Университет базасында «Серпін» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе құрылған болатын. Жоба жүзеге асырылған 10 жыл ішінде 1122 студент диплом алған. Жобалық кеңсе мәліметіне сәйкес, түлектердің 97%-ы жұмысқа орналасқан. олардың көпшілігі жергілікті ұйымдарға жұмысқа орналасып немесе ғылыми қызметін жалғастыра отырып, Шығыс Қазақстанда қалуға шешім қабылдаған.

Студенттермен кездесуде Тамара Дүйсенова «Серпін» бағдарламасы сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға және өңірде жұмысқа орналасуға бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті. Университет базасында сондай-ақ, «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді. Мұнда аймақтағы білім беру мекемелері тәжірибесіне белсенді инклюзияны енгізу жөніндегі көлемді шаралар қолға алынған. Мамандар әріптестеріне консультациялық және ақпараттық қолдау көрсетіп, дуальды оқыту әдісін кеңінен қолдануда. Орталықта университет студенттері тәжірибе жинақтап ерекше балалармен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді, бұл оларға қажетті тәжірибемен еңбек нарығына шығуға көмектеседі.

«Баламен жұмысты ерте жасынан бастаса, бұл олардың қоршаған ортадағы өзгерістерді қажет етпестен қоғамға сәтті бейімделуіне және интеграциялануына көмектеседі. Қазіргі уақытта біз толық әлеуметтендірілген балаларды шығарып жатырмыз және бұл үдеріс неғұрлым ерте басталса, нәтижесі соғұрлым тиімді болады», —  деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры Светлана Стельмах..

Өңір мектептері директорларымен өткен кеңесте орта білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Тамара Дүйсеноваға аймақта бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы баяндалды. Қазір еліміз бойынша тірек мектептер жобасы жүзеге асырылып келеді. Білім беруді тұрақты дамыту қорының үйлестіруімен шығыс өңірінде биыл 8 білім ошағы қамтылып отыр. Ұйымның директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, оның аясында демеушілер есебінен 2 млрд теңге тартылып, жиыны 274 кабинет қажетті құралдармен жабдықталған.

Тамара Дүйсенова білім берудегі сабақтастық мәселесіне мән берді. Оның алғашқы қадамы балабақшада жасалады. Бүлдіршіннің жеке даму картасы қалыптасып, кейін мектептің бастауыш сыныбына табысталуы шарт. Осылайша ұстаз баланың қажеттіліктеріне сай жұмыс істеп, білім берудегі бірізділікке жол ашылады.

Мектепке дейінгі білім беруге қатысты өзгерістер балабақша басшыларымен өткен кеңесте қарастырылды. Онда елде енгізіліп жатқан ваучерлік қаржыландыру әдістемесі талқыланды. Пилоттық түрде Тараз қаласында енгізілген жүйе балабақша кезегі мәселесін шеше отырып, салаға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз еткен. Қазірде бұл әдіс Шымкент, Түркістан қалаларында сынақтан өтуде. Кеңес барысында аймақтың балабақша меңгерушілері көкейдегі сауалдарын қойып, салалық министрлік өкілдерінен жауап алуға мүмкіндік алды.

«Біздің негізгі мақсатымыз – білім берумен шектелмей, азаматтың тұлға ретінде дамуын қамтамасыз ету. Ол үшін балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейін бірізді, өзара сабақтас жүйе қалыптасуы маңызды. Сонымен қатар әр бағытта үздік оқу бағдарламалары, әдістемелер пайдаланылып, ұстаздар біліктілігін ұдайы арттырып отырғаны маңызды. Сапалы білім алған азамат біздің келешегіміздің кепілі екенін естен шығармауымыз қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ