«№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» жасы 18-ден асқан, психоневрологиялық ауруы бар 1 және 2 топ мүгедек азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін 8 сала бойынша көрсетеді, деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Атап айтсақ, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, сондай-ақ, әлеуметтік- мәдени, құқықтық, экономикалық түрлері бойынша.
Мекеме қамқорлығында 240-тан астам азамат бар. Олардың басты мақсаттардың бірі- салауатты өмір салтын ұстану негізінде денсаулықтарын нығайту және ептілік дағдыларын қалыптастыру. Осыған сәйкес, орталықта тұрақты түрде спорттық дамытушылық ойындар арқылы спорттық сайыстар да ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар, әрбір қызмет алушылармен жеке және топтық емдік дене шынықтыру жаттығулары күнделікті жүргізіледі.
Ал, еңбекпен емдеу терапиясы бойынша қамқорлықтағы азаматтар бойындағы бейіні мен еңбек дағдыларына қарай, арнайы жабдықталған бөлмеде тоқыма тоқу, кестелеп тігу, былғарымен жұмыс, табиғи заттар мен моншақтармен т.б. жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жасаған қолөнер бұйымдарынан тоқсан сайын көрме ұйымдастырылып отырады.
Аптаның әр бейсенбі күні, арнайы жабдықталған тұрмыстық бөлмеде тәтті тағам пісіруді үйрету сабағы да жоспарға сәйкес жүргізіледі.