Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан футбол федерациясының ХХVІI кезектен тыс конференция отырысы өтті. Іс-шара барысында федерацияның жаңа президенті сайланды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне кандидаттар ретінде «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Алтай Даумов, «Ақмола облыстық футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Ербол Қайыров және «Астана қаласы футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ атынан Марат Омаров үміткер атанды.
ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжанов жиынды ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті. Одан кейін президенттікке үміткерлерге сөз берілді. Отырыстың ресми бөлігі аяқталған соң облыстық футбол қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің, футбол ұйымдарының және футбол мектептерінің өкілдері жаңа президентті сайлау үшін дауыс берді. Нәтижесінде қатысушылар М.Омаровтың кандидатурасын қолдады.
Министр Ербол Мырзабосынов Марат Омаровты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Қазақстан футбол федерациясының жұмысында үлкен өзгерістер болып жатыр. Бүгін құрылымның жаңа президенті тағайындалды. Басшылыққа Марат Омаров келіп отыр. Футбол әлемдегі ең қызықты әрі танымал спорт түрі. Қазақстан үшін де дәл солай. Жаңа президенттің басшылымен ұлттық құрама жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін. Марат Талғатұлы салаға жаңаша серпін әкеліп, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибесін отандық футболдың дамуына жұмсайды деген ойдамын. Ел азаматтары футболға ерекше қызығушылықпен қарайды. Сондықтан футболды жаңаша дамытуымыз керек. Әсіресе, халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты арттыру қажет. Футболшылардың, әлемдік деңгейдегі бапкерлер мен төрешілердің дайындығына, резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу маңызды», – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда бұл спорт түрімен 1 миллионнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде ауылдық жерлерде 537 мың адам шұғылданады.