Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, Заречное ауылында болды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Сапар барысында "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде ауылда салынған нысандарға ерекше назар аударылды. Олардың ішінде дене мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалтуға және емдеуге арналған спорт кешені мен жабық манеж бар. 1,16 млрд теңге сомасында іске асырылған бұл жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес болды.
Жалпы, ағымдағы жылы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды салуға, күрделі және орташа жөндеуге Қостанай облысына 9,8 млрд теңге бөлінді.
Содан кейін Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков "Ауыл аманаты"жобасы шеңберінде жүзеге асырылған тігін цехының қызметімен танысты. Тобыл қаласындағы бұл жоба құны 8,5 млн теңгені құрады.
Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде Бауыржан Омарбеков Тобыл қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу кезінде инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты өзекті мәселелер көтерілді.