«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары: АӘК тағайындаудың кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Құжатта жұмыс іздеуге көмектесу, жұмысқа орналасу, басқа да жұмыспен қамту шараларына қатысу сияқты тармақтар көрсетілген. Келісімшартты бұзу бүкіл отбасы үшін АӘК төлеуді тоқтату және одан кейінгі 6 айда АӘК бермеуге негіз болады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 мен 6 жас аралығындағы әр балаға қосымша 1,5 АЕК мөлшерінде төлем тағайындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылы АӘК тетігі ашықтықты, әділдікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ету үшін түзетілді. Мәселен, 2023 жылы АӘК 57 млрд теңге көлемінде 114 мың отбасына берілді. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша АӘК алушылар саны 411 мың немесе 76 мың отбасын құрады. Жыл сайын АӘК алушылар саны азайып бара жатқанын көріп отырмыз», – деді спикер.
Өңірлер бөлінісінде АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 20,3%, Шымкент қаласында – 11,3%, Қызылорда облысында – 8,2%, Алматы облысында – 7,9%, Жамбыл облысында – 7,5% және Жетісу облысында – 7% байқалады. Бұл аймақтар барлық алушының 62,2% құрайды. Барлық алушының 55%-ы қалалық жерлерде, ал 45%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
Әлеуметтік мәртебе тұрғысынан АӘК алушылардың көбі балалар – 273 мың адам немесе 66%. Сондай-ақ алушылар қатарында өтініш берген сәтте жұмысы бар адамдар – 14%, балаларды күтумен айналысатын адамдар – 12%, студенттер – 3,9%, жұмыссыздар – 1,4%, 0,6% – мүгедектігі бар адамдар, 0,2% – зейнеткерлер және басқа санаттағы адамдар – 0,8%.