ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда онлайн-сатуды жетілдіру мәселелері қаралды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев электрондық коммерция нарығындағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, электрондық сауда әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Бүгінде дүние жүзі халқының 30%-ы интернет арқылы онлайн сауда жасайды. 2024 жылы жаһандық электрондық коммерция нарығының жалпы көлемі шамамен $6,3 трлн-ға жетіп, оның ішінде электрондық сауданың үлесі 20%-ды құрады. Алдағы жылдары электрондық коммерцияның көлемі $8,3 трлн-ға дейін өседі деп болжануда.
Сауда құрылымы қарқынды түрде өзгеріп жатыр. Жаңа трендтер пайда болуда. Олардың қатарында: жасанды интеллект технологияларын енгізу, дербестендіру, әлеуметтік желілер арқылы сауданың өсуі, стримингтер арқылы сауда жасау бар.
2024 жылдың 11 айы бойынша алдын-ала жасалған деректерге сәйкес, Қазақстандағы электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемінен жоспарланған 14,5%-дан 15%-ға дейін артуы болжануда.
Министр Қазақстанның қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуына, бөлшек финтех саласының дамуына, интернеттің қолжетімділігіне, жастардың жоғары үлесіне, 8 млн-нан астам адамға негізделген даму әлеуеті жоғары екенін айтты.
Бүгінгі таңда Министрліктің алдында 2029 жылға дейін электрондық сауданың бөлшек саудадағы жалпы көлеміндегі үлесін 18,5%-ға дейін арттыру, немесе 9,3 трлн теңгеге жеткізу міндеті тұр. Бұл электрондық сауда көлемін іс жүзінде 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Электрондық сауданы одан әрі дамыту мақсатында өткен жылдың сәуірінде 2027 жылға дейінгі электрондық сауданы дамыту жоспары қабылданды. Қабылданған жоспар шеңберінде электрондық сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру, барлық өңірлерде электрондық сауда бойынша оқу курстарын жүргізу, сондай-ақ электрондық сауда кәсіпкерлеріне мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын жүргізу жұмыстары жалғасуда.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін электрондық сауда бойынша оқу орталықтары ашылды. Өткен жылы электрондық сауда субъектілеріне сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру түрінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету ережелері қабылданды.
Электрондық сауда инфрақұрылымы дамып жатыр, оның ішінде: меншікті инфрақұрылымы 100 мың шаршы метр болатын Teez жаңа қазақстандық маркетплейс іске қосылды, жақын арада 10 мың жұмыс орны құрылады. Инвестициялар $50 млн-ды құрады.
Сондай-ақ биыл Ozon және Wildberries маркетплейстер Астана және Алматы қалаларында инвестиция көлемі 101,3 млрд теңге болатын жалпы ауданы 291 мың шаршы метр 3 орталық салу жоспарлануда. Трансшекаралық электрондық сауданы ынталандыру мақсатында өткен жылдың 6 қарашасында Бішкек қаласында, Түркі мемлекеттерінің ұйымы шеңберінде Үкіметаралық Келісімге қол қойылды. Электрондық сауда саласында халықаралық құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық және Орталық Азия аясында жүзеге асырылуда.
«Қазпошта» АҚ ұлттық операторы кедендік рәсімдерден жедел өту және трансшекаралық сауданың объективті статистикасын жүргізу бойынша сыртқы электрондық коммерция саласындағы пилоттық жобаны іске асыруда.
Электрондық сауданың енуінің жоғары қарқынын ескере отырып, оның жалпы бөлшек сауда құрылымына әсерін талдау жүргізілді. Ол үшін өткен жылдың қазан айында нарықтың, бизнес қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың негізгі қатысушыларын қамтитын жұмыс тобы құрылды.
Талдауға бөлшек сауда саласындағы 400 мыңнан астам компанияның деректері енгізілді. Деректер жиынтық түрде ұсынылып, бөлшек сауда секторындағы негізгі үрдістер мен құрылымдық өзгерістерді көрсетеді. Онлайн және офлайн сауда сатушыларының типтік портреті әзірленді. Барлық көрсеткіштер бойынша онлайн сауда тиімдірек анықталды. Өйткені, ондай компаниялар ірі, тұрақтылығы жоғары, сатылымдары мен қызметкерлер саны көп.
Қазақстанда белсенді онлайн-компаниялар барлық бөлшек сауда кәсіпорындарының 12,6%-ын құрайды. Бұл ретте олар 300 мыңнан астам жұмыс орнын құрды, жоғары өнімділік көрсетілді, бөлшек сауда секторындағы салық түсімдерінің 60%-ы қамтамасыз етілді. Яғни, елімізде, бөлшек саудамен айналысатын 505 мың офлайн компания 3 жыл ішінде 240 млрд теңге салық төлеген. Ал онлайн саудамен айналысатын 73 мың компания 360 млрд теңге салық төледі. Бұған қоса отандық маркетплейстер 135,2 млрд теңге салық төлеген.
Сондай-ақ компаниялар онлайн сауда жасағаннан кейін қалай өзгеретініне талдау жасалды. 10 мың әр түрлі жағдайды талдау нәтижесінде, маркетплейске шыққаннан кейін 1,5 жылдан соң компаниялардың орташа сатылым көлемі 4,8 есе артып, салықтық төлемдер 13,5 есе көбейіп, сату географиясы кеңейді.
Арман Шакқалиев отандық Е-СОМ ШОБ үшін үдеткіш және әсіресе өңірлік деңгейде жұмыспен қамтуды арттыру құралы екенін атап өтті. Отандық электрондық коммерцияны одан әрі дамыту республиканың бүкіл сауда саласының өсуіне қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылы шетелдік платформаларда жасалған сатып алулар көлемі $1,3 млрд-ты құрады, бұл елдегі жалпы онлайн-сатылымдардың шамамен 20%-ын құрайды. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш 90%-ды құраған.
Алайда, трансшекаралық онлайн-сауданың дамуы тұтынушылардың шетелдік маркетплейстерге қатысты шағымдарының артуына алып келуде. Мұндай мәселелер шетелдік маркетплейстер мен сатушылар Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде орналасқандықтан туындап отыр. Бұл өз құқығын толықтай қорғай алмайтын тұтынушылар үшін қауіп-қатерлерді тудырады.
Елдер арасындағы қашықтық үлкен болғандықтан, тауарларды қайтару немесе айырбастау талаптарын орындау мүмкін бола бермейді. Сонымен қатар шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған тауарлар сертификаттау рәсімінен өтпейді, бұл өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қауіп төндіреді. Осыған байланысты сауда және интеграция министрі осы мәселелерді заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынады.
«Олардың халықаралық тәжірибесін және қазіргі жағдайды ескере отырып, тауарлардың қауіпсіздігі, контрафактіге қарсы күрес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бөлігінде отандық платформалардан төмен емес шетелдік платформалардың жұмысы үшін міндетті шарттарды енгізуді ұсынамыз. Салықтық және кедендік ашықтық. ЕО тәжірибесі бойынша шетелдік интернет-платформалар мен дүкендерді тіркеу үшін электрондық платформаны енгізу ұсынылады», — деп атап өтті Үкімет отырысында Арман Шаққалиев.
Отандық электрондық коммерцияны қолдау және дамыту мақсатында кедендік ресімдеу рәсімдерін оңайлату және импорт кезінде фискалдық емес алымдарды оңтайландыру, электрондық сауда субъектілері үшін арнайы салық режимдерін енгізу, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру, сондай-ақ қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамыту ұсынылады.
Ұсынылып отырған тәсілдер мен шараларды салық заңнамасын, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, ақпараттық қауіпсіздікті қоса алғанда, электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру арқылы іске асыру жоспарлануда. Министр Қазақстанда онлайн-сату секторын дамыту экономикалық өсудің маңызды факторы ғана емес, сонымен қатар сауданы одан әрі цифрлық трансформациялау және елімізді әлемдік цифрлық экономикаға интеграциялау үшін қажетті қадам екенін айтты.