Мемлекеттік шәкіртақы төлемдері – студенттерді қолдаудың маңызды құралы, бұл олардың қаржылық шығындарын ішінара жабуға және оқуына көңіл бөлуіне көмектеседі. Соңғы жылдары оқу орындарының студенттеріне материалдық қолдауды күшейту бағытында үлкен қадам жасалды, бұл білім берудің қолжетімділігін арттыру және академиялық жетістіктерді ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі саналады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Осылайша, 2020 жылдан бері оқу озаттарына, сондай-ақ әлеуметтік осал санатты студенттерге: жетім балалар мен мүгедектігі бар жандарға мемлекеттік стипендиялардың көлемі екі есе артып, қосымша төлемдер қарастырылған.
2022 жылдан бастап ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес шәкіртақы төлеу міндеті «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Алайда, Ғылым және жоғары білім министрлігінің бизнес-процестерін автоматтандыру нәтижесінде жоғары және жоғары білімнен кейінгі оқу орындарында стипендия төлеу процесін толығымен орталықтандыру тек 2024 жылы енгізілді, бұл жүйенің ашықтығы мен тиімділігін едәуір арттырды.
Функциялардың «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына берілуі стипендияларды әкімшілендірудің бірыңғай тәсілін енгізуге, еңбек шығындарын оңтайландыруға және жалпы ашықтықты жақсартуға ықпал етті. Қаражаттың мақсатсыз жұмсалу тәуекелдерін барынша азайту үшін студенттердің деректері бірнеше мемлекеттік деректер базасында тексеріледі.
Қазіргі таңда 88-ден астам жоғары оқу орнында шәкіртақы уақтылы төленіп, ай сайын 200 мыңнан астам студент қамтылған. Қаражат студенттердің екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдағы банктік шоттарына немесе ұлттық пошта операторы арқылы аударылады. Барлық төлем белгіленген ережелерге сәйкес айдың соңына дейін төленеді.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік стипендиялар көлемі келесідей болады:
• Докторанттар үшін, оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – 262 500 теңге;
• Резидент-дәрігерлер мен медицина мамандықтары бойынша магистранттар үшін – 134 664 теңге;
• Магистранттар үшін – 117 098 теңге;
• Интерндер үшін – 94 862 теңге;
• Педагогикалық және медициналық бағыттар студенттері үшін – 84 000 теңге;
• Басқа мамандықтар студенттері үшін – 52 372 теңге;
• Техникалық және кәсіптік білім беру (жұмысшы мамандықтары) студенттері үшін – 41 896 теңге;
• Орта техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін – 43 574 теңге.