Астанада «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін өткізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Еліміздің кешенді жарыстар ұйымдастыру тәжірибесі мол. Мәселен, Қазақстанда 2011 жылы Қысқы Азия ойындары, 2017 жылы Қысқы Универсиада, ал 2024 жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен. ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, қазір жауапты мамандар «Болашақ ойындары» турниріне қарқынды дайындалып жатыр.
«Фиджитал әлемнің барлық елдерінде жаңа, бірақ қарқынды дамып келе жатқан бағыт екенін атап өткім келеді. Біздің алдымызда Қазақстанды жаһандық фиджитал қоғамдастыққа тарту, көшбасшылық позицияны иелену және Қазақстанда фиджитал спортты ұзақ мерзімді дамыту үшін негіздерді қалыптастыру өзекті міндеті тұр. Біздің мақсатымыз – әлемдік фиджитал қозғалысына қосылып, Қазақстанның осы саладағы көшбасшылық позициясын қамтамасыз ету», – деді вице-министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.