Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Елорда күні мерекесі аясында бірқатар индустриалды және ауыл шаруашылығы жобалары іске қосылды, деп хабарлады «Ontustik TV» арнасы.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов онлайн форматта өткен жаңа өндіріс орындарының ашылу рәсіміне қатысты. Қала басшысы шаһардың экономикалық әлеуетін арттыруға қосып отырған үлестері үшін кәсіпкерлерге ризашылығын білдіре отырып, жаңа кәсіпорындардың еңбек ұжымдарына табыстар тіледі.
Іске асқан жобалар ел Тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосып, Шымкент қаласының Елордаға жасаған мерекелік тартуы саналады. Жаңа өндіріс желілерін іске қосуға 6,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорындарда 344 жаңа жұмыс орындары ашылып отыр.Іске қосылған кәсіпорындардың ішінде 6 жоба индустриалды өндіріс орындары болып табылады. Олардың ішінде металл және темір бұйымдары, корпустық жиһаз, автомобиль шынылары, халық тұтынатын тауарлар, жеңіл өнеркәсіп жобалары бар.
Мұрат Әйтенов – Шымкент қаласының әкімі
Ауыл шаруашылығы саласында 5 жоба жұмысын бастады. Аграрлық салада жылыжай шаруашылығы іске қосылса, мал шаруашылығында ірімшік және сүт өнімдері, минералды су цехтары, тауарлы сүт фермасы, мал шаруашылығы жобалары жүзеге асты.
Бүгінде шаһардың өнеркәсіп саласында 700-ден астам кәсіпорын белсенді түрде қызмет атқарады.Үлес жалпы өңірлік өнім көлемінің төрттен бірін құрайды. Былтырғы жылдың қорытындысымен қаланың өнеркәсіп саласында 654,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Тәуелсіздік жылдары ішінде қала экономикасына 2,5 трлн. теңгенің инвестициясы тартылса, шет елдік инвесторлардың қатысуымен 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асты.
«SAGITEX GROUP» ЖШС іш киім өнімдерін шығаратын фабрика. Жобаға 337 млн теңге инвестиция тартылған. Өндіріске «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтан 1 гектар жер берілді. 11 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бұл күні автомобильге арналған шыныларды жасап, монтаждаумен айналысатын «Балқыбеков» серіктестігі жұмысын бастады.Жобаға 40 млн теңге инвестиция тартылып, 20 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Елорда күні мерекесіне орай ашылған нысанның тағы бірі - «KASPY STEEL» ЖШС. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 000 тонналық металл өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс орындарының жұмысына сәттілік тілеп, ел экономикасын ілгерілетуге күш салатынына сенім білдірді.