«Бұл шаралар жайылым тапшылығы жағдайын жақсартуға және бұрын пайдаланылмаған жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жердің айтарлықтай бөлігі ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылды. Осылайша, 2022 жылдан бастап жер пайдаланушылар 3,7 млн гектар аумақта жұмыс істей бастады. Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Бүгінгі таңда 30 млн га-ға жуық жерге деградация және басқа да жағымсыз процестер айтарлықтай зардап келтірді. Оның 5 млн га су эрозиясына ұшырайды; 24 млн га жел эрозиясына ұшырайды. Сондай-ақ 27 млн га-ға жуық қолданысқа жарамсыз жайылымды анықтадық», – деді АШМ өкілі.
Жердің тозуына қарсы күрес жөніндегі проблемаларды жүйелі шешу мақсатында ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің жанынан бірыңғай топырақ сапасын зерттейтін кластерлік қызмет құрылды. Бұл жұмысты «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институты» атқарады.
2023-2024 жылдары «Жерлерге зерттеп қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК 11,5 млн га аумақта топырақ зерттеулерін; 14,6 млн га алаңда геоботаникалық зерттеулер; 7 млн га алаңда топырақ бионитеті жүргізілді.
Бұдан бөлек, «АШАІМИ» РМК комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымы ауыл шаруашылығы алқаптарының кеңістіктік орналасуы, ауданы, сапалық жай-күйі туралы объективті ақпаратты көрсететін 205 млн га аумақта цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау бойынша жұмыстарды аяқтады. Сонымен қатар жер ресурстарын ұтымды пайдаланудың негізгі проблемаларын шешуге бағытталған заңнамалық шаралар қолға алынды.
Мәселен, жайылымдарды пайдалануды реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Бұл мал өсірушілер үшін жердің қолжетімділігін арттыруға және бұрын жайылым тапшылығы болған өңірлердегі шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді.
2024 жылы Парламентке топырақты қорғау туралы заң жобасы жіберілді. Құжатқа оң қорытынды берілді. Ол жер сапасын сақтау, деградацияның алдын алу және құнарлы қабатты қорғау жөніндегі мемлекеттік саясаттың негіздерін қамтиды.