Түркістан облысында 2025 жылдың 1-қаңтарынан бастап 731 153 әлеуметтік төлем алушының жәрдемақы мөлшері артқан. Жалпы өңірде 793 766 әлеуметтік төлем бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушылар бар. Бұл облыс халқының 3/1-ін құрайды. Бұл жайында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Бегман Нұрмаханов БАҚ өкілдерімен өткен брфингте мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
«Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8,5 пайызға артты. Сонымен қатар, мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінің ұлғаюына байланысты жоғарылатылды. Бала тууға байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы, ай сайынғы баланың бір жарым жасқа дейінгі күтіміне байланысты, көпбалалы отбасыларға берілетін, Сондай-ақ, "Алтын алқа", "Күміс алқалармен" наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы айлық есептік көрсеткіштің көбеюіне байланысты арттырылды» - деді спикер.
Сондай-ақ, өңірде мүгедектігі бар адамдардың саны 100 350 жетті. Оның 15 221-і балалар болса, 85 129-ы 18 жастан асқан ересектер. 2024 жылдың 12 айында 6 547 адам алғаш рет «мүгедек» деп танылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 6 151 адамды құраған.
Департамент тарапынан жалпы 2024 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша барлығы 210 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 60 нұсқама беріліп, жалпы 170 нысанға 36 млн 236,9 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 34 млн 907,9 мың теңгесі өндірілген. Сонымен қатар, «Е-Собес» ақпаратттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, облыс бойынша оңалтудың техникалық құралдарымен әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 70 420 адамның 66 860-сы қамтамасыз етілгенін жеткізді департамент басшысы.