Сондай-ақ мәдени және іскерлік тәжірибе алмасу, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту көзделді. Туризм жылы Қытайдан жарты 500 мың турист тартуға және 300 млн АҚШ доллары көлеміндегі туристік қызметтерді экспорттауға бағытталды.
«Министрлік Туризм жылының бірыңғай жоспарын бекітті. Жоспар бірнеше бағытты қамтитын іс-шаралардан тұрды. Жыл ішінде маркетингтік құралдарды пайдалану, оның ішінде түрлі кездесулер, іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізу арқылы 37 іс-шара ұйымдастырылды. Бұлардың бәрі Қытай нарығында Қазақстанның танымалдылығын арттыруға бағытталған. Екіншіден, іс-шаралардың барлығы Қытайдың жетекші туристік компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайтуға арналды. Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде брондалған сапарлар саны бойынша Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал елдер тізімінде 40-орыннан 29-орынға көтерілді», – деді спикер.
Туризм жылының ресми ашылуы Бейжің қаласында 28 және 29 наурызда өтті. Онда екі ел арасындағы туристік және мәдени байланыстарды дамыту, туристік салаға инвестиция тарту жоспарлары талқыланды. Ресми ашылу салтанаты Қытай Ұлттық опера үйінде өтті. Іс-шараға 500-ден астам қонақ қатысты. Қытайдың 30-дан астам орталық медиасы жан-жақты хабар таратты.
Ал, туризм жылының ресми жабылуы 2024 жылы 27 қарашада Алматы қаласында өтті. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылының қорытындысына арналған халықаралық форум ұйымдастырылды. Оған екі елдің туристік индустриясының 300-ден астам өкілі қатысты. Форум бағдарламасына пленарлық сессия, «Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамыту серпіні» және «Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары» атты екі панельдік пікірталас, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың туроператорлары мен туристік бизнес өкілдерінің B2B-кездесулері кірді.