Үкімет бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуде. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов журналистермен өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде бюджеттік процестерге цифрлық теңге енгізілуде. Бүгінгі таңда айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылды. Платформа әзір тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануда, жыл соңына дейін оны толыққанды іске қосу жоспарлануда.
«Жақын арада бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны анықтап, оларды "цифрлық теңге" жобасына енгізу қажет, сол кезде біз әрбір теңгенің қайда кеткенін ашық көретін боламыз. Менің жеке өзім бюджет қаражатын игеру процесін цифрландыруға үлкен үмітім бар. Бұл бізге ақшаны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр «цифрлық теңге» жобасына енгізілуі мүмкін бірқатар инфрақұрылымдық бастамаларды атады.
«Бізде Ұлттық қор есебінен көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл "Бақты – Аягөз" теміржол желісінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жобаны "цифрлық теңге« арқылы қаржыландыруға қосуды ойлап отымыз. Содан кейін "Орталық-Батыс" автомобиль жолын саламыз, бұл жобаны да қосамыз. Осындай маңызды жобалардан бастау керек, өйткені ол жерлерде қыруар қаражат игеріліп жатыр. Сол себеп біз олардың ашық және тек мақсатты түрде жұмсалуына мүдделіміз», — деп атап өтті Премьер-министр.
Қазіргі уақытта Цифрлық теңге бірнеше бағыт бойынша қолданылуда. Атап айтқанда, цифрлық ҚҚС салықты қайтару мерзімін 75-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Жолдарды жөндеуге арналған қаражатты таңбалау «Павлодар – Атырау» және «Мұқыр – Құлсары» жобаларының мысалында сыналды. Цифрлық теңгені енгізу басқа бағыттарда да пысықталуда. Олар - жылжымайтын мүлікпен және автокөлікпен жасалатын мәмілелер, мектептегі тамақтану, қымбат тауарларды сатып алу, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік кредиттеу құралдары.